Басты бетҚырық жылдық қасірет

Қырық жылдық қасірет

(Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына

35 жыл толуына орай)

 

Семей ядролық полигоны – ұлт тарихындағы ақтаңдағы көп, болашақ үшін  тағылымы зор тақырып.  Биыл Семейдегі ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Жалпы, ядролық қарумен сыналған тағдырымыз – біздің өткеніміз, бүгініміз бен болашағымыз, оны ешқашан естен шығаруға, назардан тыс қалдыруға болмайды. Нәтижесі болжанбаған, болжалды болса да ескерілмеген, ойластырылмаған әрекеттердің қандай салдарға әкелетінін есте сақтау және білу маңызды.

Семей ядролық сынақ полигонында 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген ядролық қаруды сынау адамдардың денсаулығы мен қоршаған табиғи ортаға орны толмас залал келтірді, халықтың жалпы сырқаттануы мен өлімінің өсуіне себеп болды. Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының Семей және полигонға іргелес аудандарының бүкіл аумағы экологиялық апат аймағы болып танылды.

Семей ядролық кешенінің әлемдік тәжірибеде баламасы болған жоқ. Бұл полигонда 1949 жылдың 29 тамызында жасалған алғашқы ядролық жарылыстан бастап кемінде 468 ядролық сынақ жүргізілген. 1949-1962 жылдар аралығында  30 жерүсті сынағы жүргізілді, 88 ядролық құрылғы ауада сыналды, олардың ішінде бірінші термоядролық құрылғы (12.08.1953) және әлемдегі алғашқы сутегі бомбасы (22.11.1955), 6 құрылғы биіктікте және ғарышта сыналды. Жер үсті сынақтарынан басқа, полигонда 340-тан астам жерасты сынақтары жүргізілді. Семей полигонындағы ашық және жерасты ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан шамамен 1000 есе жоғары болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен полигон 1991 жылы 29 тамызда жабылды. Алда ядролық сынақтардың салдарын жою: полигон аумағында және оған жақын орналасқан өңірлерде ластанған аймақтарды, ядролық қаруды сынау инфрақұрылымын жою, әскери-өнеркәсіптік кешен объектілерін конверсиялау, табиғи ортаның радиоактивті ластануының ауқымы мен дәрежесін объективті бағалау, ядролық сынақтардың халық денсаулығына әсерін болдырмайтын шараларды әзірлеу және іске асыру жөніндегі ауқымды мәселелері тұрды

Семей ядролық сынақ алаңының әсері ар аймақтарда 1,7 миллионнан астам адам тұрды. Бұл аймақта тұратын халық ондаған жылдар бойы жұмыс істеген полигонның әсерінен зардап шекті. Қалалық және ауылдық жерлерде қоршаған ортаның ластануынан болатын заманауи радиоактивті сәулелену шамалы болса да, полигон маңында тұратын адамдар үшін жылдар бойы жинақталған  доза өте үлкен болды.

Қазіргі таңда полигондағы радиациялық ахуал қанағаттандырарлық деңгейде, аумақтың 90 пайызға жуығы тазарған деп бағаланып отыр. Дегенмен ядролық жарылыстардың эпицентрлері, ядролық зарядтардың жерасты сынақтары жүргізілген штольнялар мен ұңғымалар радиологиялық тұрғыдан әлі де жоғары белсенді күйінде қалып отыр. Әсіресе, «Сынақ алаңы», «Дегелең», «Балапан» (Атом көлі) сынақ алаңдары алаңдатушылық туғызады.

Сонымен қатар бұл проблеманы Полигонның жабылуымен қатар жүретін экономикалық тоқырау контекстінен және ол орналасқан жартылай шөлдердің осал агро-экологиялық жүйелерінен тыс қарастыруға болмайды. Семей полигонындағы сынақтардың экологиялық салдары денсаулыққа тікелей әсер ету арқылы ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығына кедергі жасау және экономикалық даму әлеуетіне теріс әсер ету арқылы да халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Сынақтардың қоршаған ортаға әсері бұрын айтарлықтай болды, кейбір әсерлері бүгінгі күнге дейін жалғасуда және егер тиісті алдын-алу шаралары дұрыс жүргізілмесе болашақта пайда болуы мүмкін деген болжам бар.

Семей олигонының зардаптарын жою мақсатындағы халықаралық көмектің бастапқы нүктесі 1999 жылы Жапония Үкіметі мен БҰҰ даму бағдарламасы ұйымдастырған Семей бойынша Токио халықаралық конференциясы болып табылады. Бұл конференцияның нәтижесі халықаралық донорлардың аймақты оңалту қажеттілігін мойындауы және әртүрлі мәселелерді шешу бойынша бірлескен іс-қимыл туралы уағдаластық болды. Негізгі донорлар Еуропалық Одақ, Жапония, Ұлыбритания, Швейцария үкіметтері, ЮНИСЕФ, ЮСАИД, БҰҰДБ, Кореяның халықаралық ынтымақтастық агенттігі болды. Сондай-ақ, халықаралық көмек көрсетуге ЕҚЫҰ, Қазақстандағы Қызыл Жарты Ай Ұлттық қоғамы, канадалық халықаралық даму агенттігі (СИДА) белсенді қатысты.

Ресми деректерге сүйенсек, өңір халқының өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсарту үшін жыл сайын денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі артып келеді. Облыста кардиохирургияда, урологияда, ортопедияда, гематологияда, онкологияда, зертханалық диагностикада жаңа технологиялар практикаға енгізілді, эндохирургия, телемедицина белсенді енгізілуде. Ресей, Корея, Жапония, Израильдің жетекші клиникаларымен, халықаралық ұйымдармен, Қазақстанның жетекші клиникаларымен және Ұлттық ғылыми орталықтарымен серіктестік орнатылып, белсенді дамуда.

Бейресми мәліметтер бойынша Семей полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккендер 1,3 млн адам деп танылған, бірақ зардап шеккендердің құқығын растайтын куәліктерді тек 1 млн адам ала алған. Зардап шеккендердің көпшілігі оларға зиян келтірілгені ресми түрде мойындалмай тұрып қайтыс болды. Полигонның әрекет ету аймағында өлім-жітім республиканың өзге аудандарына қарағанда әлі де жоғары. Ядролық сынақтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұзақ мерзімді салдары зиянды әсері  тек егде жастағы (полигон жұмыс істеп тұрған кезеңде өмір сүрген) адамдарда ғана емес, сонымен қатар жастар арасында да белсенді көрінеді – оның ортасында қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың саны тез өсуде. Ғалымдар радиацияның әсері дененің ерте қартаю процесіне, онкологиялық аурулардың көбеюіне және суицид жағдайларын тудыратынына алаңдаушылық білдіреді. Полигондық аймақтарда жыл сайын психикалық бұзылулар мен мінез-құлық бұзылыстарының жиілігі артып келе датқаны да бүгінгі таңда ерекше өзекті мәселе.

Полигон жабылған сәттен бастап мемлекет тарапынан ядролық сынақтардың салдарын жою мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, тұрғында емдеу, сауықтыру, оңалту, әлеуметтік қорғау және аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кешенді шаралар жүзеге асырылуда. 2023 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Заң аясында  полигон аумағын толық хаттау, уәкілетті операторды бекіту (ҚР Ұлттық ядролық орталығы) және тұрақты мониторинг жүйесін іске қосу бағытында маңызды қадамдар жасалды. Бұрынғы полигонның бүкіл аумағында (18 300 шаршы шақырымнан астам) радиоактивті ластану деңгейін анықтау үшін ауқымды зерттеулер аяқталды. Радиоактивті ластануы нормадан асқан жерлер мен «шартты түрде таза» жерлердің нақты шекараларын айқындау бойынша картографиялық жұмыстар жүргізілді. Дегенмен, жерлерді шаруашылыққа қайтару және инфрақұрылымды толық бақылау мәселелері әлі де өзекті болып қалып отыр. Аталмыш мәселелерді шешу бойынша жұмыстар құзіретті мемлекеттік органдар мен Уәкілетті оператордың қатаң бақылауында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, оның жұмысын үйлестіру және өңірдегі радиациялық қауіпсіздікті мемлекеттік деңгейде қадағалау Президентке тікелей бағынатын уәкілетті орган – ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің негізгі құзыретіне жүктелген.

Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толса да, ядролық сынақтардың зардабы тек өткен күннің қасіреті емес, бүгінгі жас ұрпақтың да денсаулығына (ерте қартаю, онкология, суицид пен психикалық ауытқулар) тікелей әсер етіп отырған ұзақ мерзімді қауіп болып табылады. Мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетіліп, 2023 жылғы жаңа Заң аясында полигон аумағын картографиялық хаттау және 90% жерді тазарту сияқты ауқымды жетістіктерге қол жеткізілгенімен, зардап шеккендерді толық куәлікпен қамту, таза жерлерді шаруашылыққа қауіпсіз қайтару және инфрақұрылымды бақылау мәселелері әлі де өзекті.

Осы орайда, халықаралық тәжірибе мен отандық медициналық технологияларды ұштастыра отырып, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің, ҚР Энергетика министрлігі мен Ұлттық ядролық орталықтың бақылауымен жүзеге асырылып жатқан кешенді бағдарламаларды одан әрі күшейту – өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен болашақ ұрпақтың салауатты өмірін қамтамасыз етудің жалғыз кепілі болып табылады.

 

Хамитова А.К.,

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің

жетекші ғылыми қызметкері