Басты бетҒарышты бағындырған – қазақ

Ғарышты бағындырған – қазақ

Ғарышты бағындырған – қазақ Ғарышты бағындырған – қазақ Ғарышты бағындырған – қазақ Ғарышты бағындырған – қазақ Ғарышты бағындырған – қазақ Ғарышты бағындырған – қазақ

Биыл тұңғыш қазақ ғарышкері – Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды. Қазақстанның мақтанышы – Тоқтар Әубәкіров техника ғылымдарының докторы, профессор, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы.  Ол 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1-ші Май ауылында дүниеге келген. Сонымен қатар, биыл Т. Әубәкіровтің ғарышқа алғашқы  жасаған сапарына да 35 жыл толмақ. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген тарихи оқиға. 1991 жыл Қазақстан ғарышқа алғашқы қадамын жасап, әлемдік деңгейде өз орнын айқындаған болатын. Бұл сапар, еліміз үшін ғарыштық бағдарламаның негізі қаланған айтулы оқиға болып, тарихқа енді.  Алғаш рет қазақ баласының кеңістікке ұшуы – Қазақстан үшін ғарыш пен технологияның дамуына үлкен серпін беріп, жер планетасын зерттеудегі жаңа эра ретінде бағаланды. Тәуелсіз Қазақстан азаматының тұңғыш рет ғарышқа көтерілуі – еліміздің әлемдік ғарыш саласын игеруге қосқан үлесі.

 Бұл туралы 2025 жылдың 2 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл толуына орай жасаған видео үндеуінде: «Біз әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының қазақ жерінде орналасқанын ерекше мақтан тұтамыз. Халқымыздың қаһарман ұлдары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов осы арадан космосқа аттанды. Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады» деген болатын.

Қазақстанның тұңғыш, Кеңес Одағының 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері –Тоқтар Әубәкіров алғаш 1991 жылы 2 қазанда ресейлік ғарышкер Александр Волков (экипаж командирі) және австриялық  ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» әуе кемесімен ғарышқа көтерілді. «Мир» орбита стансасында 7 күн жұмыс жасап, жерге сәтті оралды. Сапар барысында,  Т. Әубәкіров экипаж мүшесі ретінде бірқатар ғылыми жұмыстарды жүзеге асырды. Материалтану бойынша: Мир микрогравитациялық ортасында материалтану ғылымына қатысты эксперименттер жүргізді. Бұл зерттеушілерге ғарыштағы материалдардың әрекетін түсінуге мүмкіндік береді. Биологиялық эксперименттер бойынша: ұзақ уақытқа созылған ұшудың адам ағзасына әсерін бақылады. Зерттеу негізінде Т. Әубәкіров пен экипаж мүшелері ғарышта болатын физиологиялық өзгерістерді түсіну үшін көбірек биологиялық эксперимент жүргізді. Бұл зерттеулер болашақ ғарышкерлер үшін баға жетпес деректер. Жерді бақылау бойынша: қоршаған ортаны бақылауға, климат заңдылықтарын түсінуге және басқа да геокеңістік талдаулар жүргізді.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталықтың архив қорында Ғарыш саласына қатысты материалдар ерекше мәнге ие. Фотоматериалдар арасында 1991 жылы Қазақ ССР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Жұлдызды қалашық» әкімшілік-аумағында қазақтың сынақшы-ұшқышы Тоқтар Әубәкіровпен кездескен фотосуреті сақталған.  

Зерттеуші-ғарышкер Т.О. Әубәкіровтің Ю.А. Гагарин атындағы Ғарышкерлерді даярлау орталығының бастығы В.А. Шаталовпен және аталған орталықтың 1-ші Ғарышкерлерді даярлау басқармасының бастығы В.А. Жәнібековпен «Жұлдызды қалашықта» 1991 жылдың тамыз айында түскен фотосуреті бар. Бұл фотоқұжаттар Т. Әубәкіровтің зерттеуші-ғарышкер қызметінде ғарыш сапары алдында күрделі жаттығулар мен ұзақ мерзімді дайындық курстарын өткенінің дәлелі.

Құнды фотоқұжаттар қатарында: 1991 жылдың 2 қазанында зерттеуші-ғарышкер Т. Әубәкіровтің Кеңес Одағы мен Австрия халықаралық экипажының мүшелері: «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің командирі – А. Волков, австриялық зерттеуші-ғарышкер – Франц Фибекпен ғарышқа алғашқы сапары алдында мемлекет басшыларымен бейне байланыс сәтінің фотосуреті орын алған. Сонымен қатар, әлемдегі ең ірі жер беті  ғылыми ғарыш полигоны болып табылатын – Байқоңыр ғарыш айлағының фотосуреттері архив құжаттарының маңыздылығын арттырып отыр.  

Қорыта келе, Ғарыш саласы цифрлық дәуірде аса маңызды сала болып қала бермек. Қазақстанның ғарышты игеруге бағытталған саясаты еліміздің бұл саладағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа мамандықтардың пайда болуы мен сала жетістіктерін толыққанды пайдалануға орасан зор мүмкіндіктер беріп отыр. Осы игі істерді болашақ ұрпақтарымыз әрі қарай дамыта береді деген сенімдеміз.  

Гүлнәр Әбдібекова

Архив жұмысы қызметінің

 жетекші сарапшысы