Басты бет«Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тренингі

«Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тренингі

«Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тренингі «Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тренингі «Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тренингі

 

2026 жылғы 24 шілдеде ҚР ПІБ Президенттік орталығының дәріс залында Президенттік орталықтың Талдау қызметі ұйымдастырған «Кәсіби ортадағы мәдениетаралық коммуникация» тақырыбындағы тренинг өтті.
Тренингтің мақсаты – жаһандану, халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық жағдайында қызметкерлердің мәдениетаралық коммуникация саласындағы кәсіби құзыреттерін дамыту.
Тренингтің спикері, саяси ғылымдарының докторы Әсем Қайдарова мәдениетаралық коммуникацияның заманауи тәсілдері және оның білім беру, ғылыми әрі сараптамалық-талдау қызметіндегі маңызы туралы баяндады.
Тренинг барысында қатысушылар әртүрлі мәдениет өкілдері арасындағы өзара қарым-қатынас ерекшеліктерін талдап, академиялық тәжірибеден алынған нақты мысалдарды қарастырды. Сонымен қатар, коммуникативтік кедергілердің себептері талқыланып, кәсіби диалог құрудың тиімді тәсілдері ұсынылды.
Спикер мәдениетаралық коммуникацияның тек шетелдік әріптестермен қарым-қатынас жасаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, әртүрлі мәдениет, буын және кәсіби орта өкілдерінің бір жағдайды әрқалай қабылдайтынын түсіну өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі болып табылады.
Іс-шара барысында қазіргі кәсіби ортаның барған сайын халықаралық сипат алып келе жатқаны атап өтілді. Мамандар халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға белсенді қатысып, шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланып, түрлі елдердің зерттеушілерімен бірлесіп жұмыс істеуде. Осы орайда табысты ынтымақтастық үшін шет тілін меңгерумен қатар, серіктестердің мәдени ерекшеліктерін ескеру де маңызды екені айтылды.
Әсем Қайдарова өз сөзінде: «Мәдениетаралық құзыреттілік – әлемдегі барлық мәдениеттерді білу емес, мәдени айырмашылықтарды түсініп, оларды құрметтей отырып, тиімді кәсіби қарым-қатынас орната білу. Ойлау мен мінез-құлықтың әртүрлі үлгілеріне ашықтық халықаралық ынтымақтастықтың басты негізі болып саналады», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол: «Мәдениеттер арасындағы айырмашылықтар бір мәдениеттің екіншісінен артық екенін білдірмейді. Олар өмірді, кәсіби қызметті және қарым-қатынасты ұйымдастырудың сан алуан тәсілдерін көрсетеді. Осы айырмашылықтарды мойындап, құрметтеу – қазіргі кәсіби ортадағы сындарлы диалог пен табысты өзара іс-қимылдың маңызды шарты», – деді.
Тренингке қатысушылар ұсынылған материалдың тәжірибелік маңызын, қарастырылған жағдаяттардың өзектілігін және алынған білімді кәсіби қызметте қолдану мүмкіндігін жоғары бағалады.
Осындай іс-шараларды өткізу мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға, кәсіби қарым-қатынас мәдениетін нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді. Бұл мамандарды, сарапшылар мен зерттеушілерді даярлауға қойылатын заманауи талаптарға толық сай келеді.