Басты бетПрезиденттік орталықта «Н. Имамов: 100 жыл. 100 сәт» ретроспективалық фотокөрмесі ашылады

Президенттік орталықта «Н. Имамов: 100 жыл. 100 сәт» ретроспективалық фотокөрмесі ашылады

2026 жылғы 22 шілдеде сағат 15.00-де ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында көрнекті қазақстандық фототілші, өлкетанушы әрі елорда шежірешісі Нұрмұхамат Имамовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Н. Имамов: 100 жыл. 100 сәт» ретроспективалық фотокөрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.
Жоба ҚР ПІБ Президенттік орталығының бастамасымен Қалалық туризмді дамыту орталығы қауымдастығының, Астана гидтері клубының және Қазақстан темір жолы музейінің қолдауымен жүзеге асырылып, шебердің объективі арқылы бейнеленген елорданың тарихи-мәдени көрнекі мұрасын сақтауға бағытталған.
Көрменің ашылуына мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, музей қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен Нұрмұхамат Имамовтың отбасы мүшелері қатысады.
Экспозицияға Целиноград–Ақмола–Астана қалаларының тарихын, сәулеттік келбеті мен күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелейтін 100 бірегей архивтік фотосурет енген. Көрменің тұжырымдамасы өткен мен бүгінді тоғыстыратын көрнекі сұхбат қағидатына негізделген: мұрағаттық фотосуреттер қазіргі елорданың қарқынды дамуымен үндеседі.
Экспозиция төрт тақырыптық бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Нұрмұхамат Имамовтың өмірі мен шығармашылық жолына арналса, екінші бөлім келушілерді көне Целиноград–Ақмоланың атмосферасына жетелейді. Үшінші бөлімде қаланың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар таныстырылса, төртінші бөлімде балалар мен жастар бейнесі арқылы тәуелсіз Қазақстанның болашаққа ұмтылысы көрініс табады.
Нұрмұхамат Имамов – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Акмолинская правда» және басқа да басылымдарда ұзақ жылдар бойы фототілші қызметін атқарған. Ол қырық жылдан астам уақыт өңірдің өмірін фотошежіреге айналдырып, елорданың қалыптасу кезеңдерінің маңызды беттерін келер ұрпаққа аманат етті. Бүгінде фотошебердің көп мыңдық архивін цифрландыру жұмыстарын оның ұлы Ринат Имамов жалғастырып келеді.