Астана – еліміздің бас қаласы ғана емес. Ол – биыл 35 жылдығы аталып өтіп отырған Тәуелсіздігіміздің айқын нышаны. Халқымыздың жасампаз рухы мен болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасының жарқын жемісі болған бас шаһар аз ғана уақыт ішінде әлем мойындаған сәулетті мегаполиске айналды. Бүгінде мұнда ауқымды инфрақұрылымдық жобалар табысты жүзеге асырылып, озық цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, еңбек етуіне және шығармашылықпен айналысуына барынша қолайлы жағдай жасалуда.
Жаңа тұрғын үй кешендері, білім беру және денсаулық сақтау нысандары бой көтеріп, саябақтар мен демалыс орындарының қатары артып келеді. Көлік инфрақұрылымы да жаңа деңгейге көтерілуде. Көптен күткен жеңіл рельсті көлік жүйесінің (LRT) іске қосылуы шаһардың сәулеттік келбетін жаңа сипатпен толықтырып, оның келешекке ұмтылған даму бағытын айқындай түсті. Есілдің сол және оң жағалауы арасындағы айырмашылық біртіндеп азайып, екі бөліктегі тұрғын аудандары мен қоғамдық кеңістіктер бірдей көркем, жайлы әрі заман талабына сай қалыптасуда.
Биылғы Астана күні жаңа Конституцияның күшіне енген тарихи кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – мемлекетіміздің жаңғыру жолындағы маңызды белес. Елорда жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның қарқынды өркендеуі мен биік мақсаттарының жарқын көрінісіне айналды.
Астанамыздың абыройы артып, ажары айшықтала берсін! Ол әрбір азаматты ел игілігі жолындағы адал еңбекке жігерлендіріп, қуатты әрі өркендеген Қазақстанның өсіп-өркендеуіне қызмет ете берсін!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, отбасыларыңызға амандық және жаңа жетістіктер тілеймін! Мереке құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының
директоры Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ