Шахмат – адамзат өркениетінің ең көне әрі ең зияткерлік ойындарының бірі. Оның тарихы VI ғ. Үндістаннан бастау алады. Санскрит тілінде «чатуранга» деп аталған бұл ойын ежелгі үнді әскерінің төрт құрамын – күйме, атты әскер, әскери пілдер және жаяу әскерді бейнелеген. Бастапқыда төрт ойыншыға арналған бұл ойын уақыт өте келе өзгеріске ұшырап, бүгінгі біз білетін классикалық шахматқа айналды.
Үндістаннан басталған шахмат Персияға, кейін араб елдеріне тарады. Дәл осы кезеңде ойынның құрылымы жетілдіріліп, жаңа ережелер енгізілді. Парсылар мен арабтар шахматқа ферзь фигурасын қосып, ойыншылар санын екі адамға дейін қысқартты. Бүгінде әлемнің барлық түкпірінде қолданылатын «шахмат» сөзі де парсының «шах» – патша және арабтың «мат» – өлді деген сөздерінен құралған, яғни, «патша өлді» деген мағынаны білдіреді.
VIII ғасырда шахмат Солтүстік Африка арқылы Испанияға жетіп, Батыс Еуропа елдеріне кеңінен тарала бастады. Ал XV ғасырда қазіргі заманғы шахматтың негізгі бейнесі қалыптасты. XIX ғасырда халықаралық турнирлер ұйымдастырылып, ойын ережелері біріздендірілді. Осылайша шахмат әлемдік деңгейдегі спорт түріне айналды.
1924 жылы құрылған Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) шахматтың халықаралық дамуына үлкен серпін берді. Ал 1966 жылдан бастап 20 шілде күні Халықаралық шахмат күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған шахмат жанкүйерлерін біріктіретін ерекше мереке болып саналады.
Қазақстан бүгінде шахмат спорты бойынша әлемдік аренада өзіндік орны бар мемлекеттердің қатарында. Еліміздің талантты шахматшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, көк туымызды әлемдік додаларда абыроймен желбіретіп келеді. Олардың қатарында Дәрмен Сәдуақасов, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек және басқа да көптеген дарынды спортшылар бар. Олардың жеңістері мен жетістіктері жас ұрпақты білімге, табандылыққа және зияткерлік дамуға баулып келеді.
Шахмат – тек ойын ғана емес, ол логикалық ойлау қабілетін дамытатын, сабырлылық пен стратегиялық жоспарлау мәдениетін қалыптастыратын ерекше өнер. Сондықтан да бұл ойын ғасырлар бойы өз маңызын жоғалтпай, адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі болып келеді.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағында шахмат өнерінің тарихы мен көркемдік құндылығын айқын көрсететін ерекше жәдігерлер сақталған. Коллекция құрамында ағаштан, сүйектен, шыныдан, фарфордан және темірден жасалған сан алуан шахмат жиынтықтары бар.
Әрбір шахмат жиынтығы өзіндік пішінімен, өрнегімен және орындалу шеберлігімен ерекшеленеді. Бұл бұйымдар тек ойын құралы ғана емес, сәндік-қолданбалы өнердің де озық үлгілері болып табылады. Олардың нәзік безендірілуі мен жоғары көркемдік деңгейі келушілердің назарын бірден өзіне аударып, ерекше әсер қалдырады.
Коллекциядағы ең қызықты жәдігерлердің бірі – төрт ойыншыға арналған «Қазшах төрт позициялық шахматы». Бұл шахмат фигураларының санымен ерекшеленеді. 2003 жылы Алматы қаласында төрт адамға арналған шахмат нұсқасы – «Қазшах» төрт позициялық ойынының тұсаукесері өтті. Бұл қазақстандық дизайнер Азат Байсеркеев ойлап тапқан шахматтың жаңа түрі. Ашық қоңыр түсті ағаштан жасалған ойын тақтасы 128 ұяшықтан тұрады, оларда төрт толық фигуралар жиынтығы бар, жиналмалы. Төрт жағынан бұрыштарында «Қазшах» деген жазу бар («Ш» әрпі стильдендірілген тәж түрінде жасалған). Фигуралар классикалық, ағаштан жасалған және қызыл, көк, ашық және қою қоңыр түстермен боялған. Фигуралар сызықтар мен декордың қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Ең биік фигуралар – патша мен патшайым. Бұл фигуралардың сыртқы түрі ұқсас, олардың үстінде стильдендірілген тәждері бар. Патшайым патшадан айырмашылығы біршама төмен. Ладья (тура) бекініс мұнарасы түрінде жасалған. Пілдің фигурасы католик епископының стильдендірілген митрасы болып табылатын жоғары қарай бағытталған тамшы тәрізді. Жылқы басы айқын ойылған, жылқы фигурасының прототипі Афины Парфенонының барельефтерінің бірінен шыққан жылқыны бейнелейді. Пешка фигурасы жинақтағы ең кішкентайы. Барлық фигуралардың негізі дөңгелек пішінді.
Музейлік жинақта фигуралары ойылған орта ғасырлардағы қазақтардың өмірі мен мәдениетін бейнелейтін шахмат ерекше орын алады. Барлық фигуралар ұлттық ерекшеліктерді көрсетеді. Олар қазақтың ою-өрнектерінің дәстүрлі нақыштарымен безендірілген. Дөңгелек тұғырларға қою және ашық қоңыр түсті шахмат фигуралары орнатылған. Тақта жиналмалы, бүкіл беті геометриялық ою-өрнектермен безендірілген. Ақ жолақтардың бірінде А. Карповтың қолтаңбасы бар.
Топтамада ерекше орын алатын жәдігерлердің бірі – стаунтондық шахмат жиынтықтары. Бұл шахмат түрі қазіргі таңда халықаралық стандарт ретінде танылған.
Стаунтон шахматтарының атауы ағылшын шахматшысы Говард Стаунтонның есімімен байланысты. Ол шахматты дамытуға үлкен үлес қосып, бүгінгі күні кеңінен қолданылатын фигуралар үлгісін қалыптастырды.
Коллекциядағы аса құнды экспонаттардың бірі – 200 жылдық жаңғақ ағашының тамырынан қолмен жасалған шахмат тақтасы. Табиғи ағаштың ерекше құрылымы мен шебердің ұқыпты еңбегі бұл туындыны нағыз өнер туындысына айналдырған
Президенттік орталықта фарфордан жасалған шахмат жиынтықтары да сақталған. Олардың бірі – мифология тақырыбына арналған.
Бұл жиынтықтағы фигуралар арасында патша, русалка, айдаһар, жауынгерлер, Мыстан кемпір және орман рухтары бейнеленген. Славян, грек, скандинав және еуропалық аңыздар кейіпкерлері арқылы жасалған бұл композиция көрерменді ертегілер мен мифтер әлеміне жетелейді. Қара-сұр түсті көркем бейнелер шығарманың жұмбақ әрі тылсым сипатын күшейте түседі.
Тағы бір ерекше фарфордан жасалынған шахмат жиынтығы 1812 жылғы Бородино шайқасына арналған. Бұл туындыда Мәскеу маңындағы әйгілі шайқасқа қатысқан орыс және француз әскерлерінің өкілдері бейнеленген.
Патшадан бастап қарапайым жаяу әскерге дейінгі барлық фигуралар тарихи дәлдікпен жасалған. Әр кейіпкердің бет-бейнесі, киім үлгісі мен қару-жарағы мұқият өңделіп, нақты тарихи тұлғалардың бейнесін көрсетеді. Барлық фигуралар фарфордан қолдан жасалып, глазурь және алтын жалатумен әрленген. Ал шахмат тақтасының корпусы карел қайыңынан дайындалған.
Шахмат – уақыт пен кеңістіктің шекарасын еңсеріп, әр дәуірде әр халықтың мәдениетімен сабақтасып келе жатқан бірегей зияткерлік мұра. Ол адамның логикалық ойлау қабілетін жетілдіріп қана қоймай, сабырлылыққа, стратегиялық ойлауға, шешім қабылдауға және шығармашылық ізденіске баулиды. Сондықтан шахмат өнері адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі ретінде ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағындағы шахмат жиынтықтары – осы рухани және мәдени сабақтастықтың айқын көрінісі. Әрбір жәдігер өз бойында тарихтың ізін, шеберліктің сырын және халықтардың эстетикалық талғамын сақтай отырып, өткен мен бүгінді байланыстыратын құнды мәдени мұра ретінде танылады.
Бұл бірегей туындылар шахматтың тек спорттық бәсеке шеңберімен шектелмейтінін, оның өнермен, тарихпен және адамзаттың шығармашылық ойлауымен тығыз байланыста екенін көрсетеді. Шахмат тақтасының үстіндегі әрбір жүріс – терең ойдың, ал әрбір фигура – шеберлік пен мәдени мәннің көрінісі.
Осындай құнды жәдігерлерді сақтау, зерттеу және көпшілікке таныстыру – ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеудің, тарихи жадымызды жаңғыртудың және келешек ұрпаққа рухани мұра қалдырудың маңызды бағыты. Музей қорындағы шахмат жиынтықтары арқылы біз тек ойын тарихын ғана емес, адамзаттың ойлау мәдениеті мен шығармашылық жетістіктерін де танимыз.
Шахмат күні – осы асыл өнердің маңызын тағы бір мәрте еске салатын ерекше мереке. Шахмат алдағы уақытта да адамдарды білімге, ізденіске, терең ойлауға жетелеп, мәдениет пен өркениеттің құнды қазынасы ретінде өз биігін сақтай береді.
Жанат Жұмахметова
Музей құндылықтарын есепке алу және
сақтау қызметінің жетекші сарапшысы