Басты бетЖаңа Конституция – жаңа парадигмалар

Жаңа Конституция – жаңа парадигмалар

Жаңа Конституция – жаңа парадигмалар

ХХІ ғасыр – әлемдегі түбегейлі өзгерістер кезеңі. Адамзат постиндустриалдық дәуірге қадам басты және, объективті түрде,
2000-жылдардың басындағы жаһанданудың жаңа кезеңінен өтіп, пандемиядан кейін жаһандық үдерістердің жаңа деңгейіне көтерілді. Алайда, жаңа әлемдік экономикалық және саяси дағдарыстар бүкіл әлемдегі өзгерістер үдерістерін жеделдеткенін нақты айта аламыз.

Осы жағдайларда Интернет пен жаңа байланыс құралдардың арқасында жоғары жылдамдықтағы ақпараттық даму кеңістігінде адамдар арасындағы қарым-қатынас үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптасты. Мұнда әңгіме тек әлемде жаңа экономикалық және саяси қатынастар жүйелерінің қалыптасуы туралы ғана емес. Жаһандық үдерістердің алдыңғы шебінде мәдениетте де: цифрландыру мен алгоритмдеу, глокализация және жасанды интеллектпен бірлескен авторлық, шекараларды жоятын қатысу мәдениеті, клиптік және мультимодальды ойлау, метамодернизмге ұмтылыс және сөзсіз инклюзивтілік сынды мүлдем жаңа парадигмалық белгілер пайда болуда.

Нәтижесінде XXI ғасырда қазіргі жаһандық әлемнің парадигмасы іргелі құндылықтар жүйесі ретінде ақпаратқа, икемділікке және инновацияларға сөзсіз бағдарланған. Жинақталған жаһандық және өңірлік мәселелер адамға назар аударудың – антропоцентризмнің, сондай-ақ, цифрландыру мен гипербайланыстың қажеттілігін айқын көрсетіп отыр.

Бүгінде кейбір мемлекеттердің трансұлттық гегемония орнатуға ұмтылыстары, тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлемдік тұрақсыздыққа әкеліп, адамзат пен өркениет үшін нақты қауіп төндіруде. Сондықтан жаһандық деңгейде өзекті қажеттілік ретінде планетарлық келісімді орнату мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр. Тек сенім мен ұлттық-мәдени құндылықтарға негізделген бейбітшілік пен өркендеу жолындағы сындарлы диалог қана өркениеттер үнқатысуына алып келе алады. Әлем соншалықты нәзік, сондықтан адамзат мүмкіндігінше тезірек бірлікте өмір сүруді және мәдениетаралық келісімді үйренуі тиіс. Бұл диалогтың кепілі – сенім мен ұлттық-мәдени құндылықтардың басымдығы. Шынайы руханилық және ниет пен ой-пікірдің тазалығы жоқ жерде жасампаздыққа қарай қозғалыс болуы мүмкін емес.

Алайда, Әділетті Қазақстанның жаңа Конституциясының
1 шілдеден бастап күшіне енуі уақыттың сын-қатерлеріне мемлекеттің тікелей әрі дер кезінде берген жауабы болып табылады. Ал баршамызды оны барлық салада толыққанды жүзеге асыру бойынша күрделі әрі жауапты жұмыс күтіп тұр.

Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сөйлеген сөзінде Қ.К. Тоқаев: «Қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Ата заңы – жаңа тарихи, геосаяси жағдайдағы бірегей құжат. Оның тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – азаматтарымыздың арман-тілегінен, мақсат-мұратынан туған қастерлі құжат, шын мәніндегі Халық Конституциясы» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның негізгі ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін негізгі заңдарға: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және тағы да басқа да бірқатар нормативтік-құқықтық актілерге қол қойып, бұл жұмыстың бағытын айқындап берді.

Маңыздысы – жаңа Конституция ережелерді өзгертеді: ол декларативті мәлімдемелерден нақты өлшенетін мақсаттарға көшуді талап ететін қоғамдық-саяси жағдайды қалыптастырады.

Біз үшін Президент мәлімдеген жаңа парадигманы түсініп және қабылдау маңызды: Жаңа Конституция – сөреде жатқан жай құжат емес, тұтас ел үшін жаңғыртылған операциялық жүйе. Басқаша айтқанда, бұл – тек мекемелердегі қызметкерлер үшін ғана емес, бүкіл мемлекет үшін белгіленген өзіндік KPI. Осылайша, Конституцияны оның баптары арқылы емес, оны жүзеге асырудың нақты мысалдары арқылы танып-білуге негізделген жаңа негізгі ұстаным қалыптасады. Бұл тұрғыда адамдарды іс-әрекетке ынталандыратын мән-мағыналардың маңызы өте зор.

Жаңа Конституцияның кіріспесінде Қазақстан халқы мәдениет пен білімнің, ғылым мен инновацияның құндылықтарына бағдар ұстайтыны айқын көрсетілген. Ал бұлар стратегиялық міндет ретінде белгіленген адами капиталды жаңғырту мен дамытудың маңызды құрамдас бөліктері болып табылады

Негізгі заңның Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі қағидаттарын айқындайтын 3-бабында еңбекқорлық, прогресс және білім құндылықтарын орнықтырумен қатар, «тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау» мемлекеттің іргелі қағидаттарының бірі ретінде нақты жазылған.

Негізгі заңның 40-бабына сәйкес, ел азаматтары «тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті». Басқаша айтқанда, жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес мәдениет – ұлтты дамытудың стратегиялық ресурсы. Сонымен қатар, мәдениет – тек мұра ғана емес, адами капиталмен тығыз байланысты жаңғыртудың белсенді ресурсы.

Қазақстандықтардың білімі, ғылыми жетістіктері мен шығармашылық қуатының синтезі – елдің бәсекеге қабілеттілігі мен прогресін қамтамасыз етудің міндетті шарты. Адами капиталды стратегиялық таңдау ретінде айқындай отырып, Қазақстан Республикасы алғаш рет елдің басты заңы деңгейінде білім сапасы, ғылымның қуаты және мәдени орта ұлттық дамудың басымдықтары екендігін, ал олардың іргелі негізі – креативті даму болып табылатынын жариялайды.

Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту міндетін жүзеге асырудағы ұстанымы мен ауқымы жаһандық сипатқа ие. Сарапшылар атап өткендей, «креативті нәтижелер» бағыты бойынша Жаһандық инновациялық индекске сәйкес Қазақстан 32-позицияға көтерілді – бұл орасан зор секіріс!

Ұлттық бірегейлік, азаматтық жауапкершілік және Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының сабақтастығы – конституциялық қағидаттар деңгейіне көтерілді. Бұл Қазақстан Президентінің: «мемлекеттік модель тек билік институттарына ғана емес, сонымен қатар мәңгілік адамзаттық құндылықтарға да негізделеді» деп айқындаған негізгі ұстанымын көрсетеді. Бұл, әңгімеміздің басына қайта оралсақ, қазіргі әлемге аса қажет құндылықтар.

Қорытындылай келе, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының
III республикалық форумында Қ. К. Тоқаев: «Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің де иесі, қорғаны – жастар»,- деп атап өтті. Бұл жастарға берілген өсиет қана емес, сонымен қатар, маңызды үндеу: Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттілігін нығайту жөніндегі стратегиялық тұжырымдамада болашақтың синергиясы іргелі құндылықтар жүйесі мен креативтілікке негізделеді.

 

 

ҚР Президенттік орталығы

директорының орынбасары

Ботагөз Қайыпова