ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстанның белгілі суретшісі Нелли Бубэнің «Көпқырлы Еуразия әлемі» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясы қоғамдық қорымен және «Almaty Gallery»-мен бірлесіп ұйымдастырылып, Қазақстан Көркемөнер академиясының 20 жылдығына арналды.
Нелли Витальевна Бубэ – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі және Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясы қоғамдық қорының академигі, Ресей Көркемөнер академиясының құрметті мүшесі, сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының құрмет медалінің иегері.
Көрменің ашылу рәсіміне мәдениет және өнер саласының өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен елорда тұрғындары қатарынан 50-ге жуық адам қатысты.
«Нелли Витальевна Бубэ – отандық бейнелеу өнеріндегі шын мәніндегі көрнекті тұлға. Оның қайталанбас шығармашылық қолтаңбасы көпқырлы қазақстандық мәдениеттің өркениеттік кодын бойына сіңіріп, тарихи қабаттарды, этнографиялық нақыштарды және мәдени өзара ықпалдастық тақырыбының терең философиялық мәнін үйлестіре біледі. Сондықтан да суретші өз туындыларында көшпелі мәдениет әлемін, Ұлы Жібек жолының мұрасын, көне қалалардың келбетін және тілсіз-ақ түсінікті символдарды ерекше сезімталдықпен әрі тереңдікпен ашады. Оның өнері – дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық тамыр мен жалпыадамзаттық гуманизм тоғысқан кеңістік. Бұл өнер өткен мен бүгінді, ұрпақтар мен мәдениеттерді жалғайтын өзіндік рухани көпір іспетті», – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат», – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Іс-шара аясында көрме авторына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Г. Балаеваның құттықтау хаты табысталды.
«Әрбір көрме суретші үшін өз-өзіне де, шығармашылығын бағалайтын көрерменге де берілетін өзіндік бір емтихан. Бұл – өзіңе қоғамның көзімен қарап, жүріп өткен жолыңды саралап, алдағы бағытыңды айқындауға мүмкіндік. Осы жолы мен өз туындыларым арқылы қарапайым, бірақ аса маңызды ойларды жеткізгім келеді: туған жерді сүю, табиғатты аялау, бір-бірімізге құрметпен қарап, бірлікке ұмтылу қажет. Көшпелі мәдениет бізге адам мен табиғаттың үйлесімді өмір сүруінің бірегей үлгісін қалдырды. Онда табиғат ең жоғары құндылық ретінде қабылданды. Экология және адамзаттың барша тіршілік иелері алдындағы жауапкершілігі тақырыбы менің шығармашылығымда ерекше орын алады. Егер ұсынылған туындылар көрерменнің жүрегіне жол тауып, оларды планетамыздың болашағы, бейбітшілікті, мәдениет пен рухани бірлікті сақтау қажеттігі туралы ойландырса, онда көрменің мақсатына жеткені», – деді белгілі суретші Нелли Бубэ.
«Көпқырлы Еуразия» көрмесі – өркениеттер, ұрпақтар және уақыт арасындағы үнқатысу идеясымен біріктірілген 56 кескіндеме туындысы мен аралас техникада орындалған жұмыстарды қамтитын ауқымды көркем жоба.
Көшпелі өркениеттің мәдени кодын іздеуге арналған көпжылдық шығармашылық ізденістердің нәтижесінде суретші «Ұлы Жібек жолы» панорамалық картиналарының бірнеше нұсқасын дүниеге әкелді. Солардың бірі 2004 жылы Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Ұлттар үйінде өткен жеке көрмесінде ұсынылған болатын.
Нелли Бубэ «Көпқырлы Еуразияны» Қазақстанның дала өркениетінің коды көршілес халықтардың мәдени мұрасымен тоғысатын, мәдениеттердің жанды сұхбат алаңы ретінде қарастырады. Суретші үшін бұл – еуразиялық бірегейліктің ортақ тарихи кеңістікте өз болмысын сақтаған көптеген дауыстардан, дәстүрлер мен ландшафттардан құралатынын көрсету мүмкіндігі.
Көрмеде сондай-ақ табиғат пен адамның техногендік қысым дәуіріндегі қарым-қатынасын бейнелейтін «Экология» атты ауқымды туындылар топтамасы ұсынылады. Бұл жұмыстар табиғи тепе-теңдіктің нәзіктігін және адамның қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін еске салады. Еуразия тақырыбы әртүрлі ұлт өкілдерінің графикалық портреттерінен тұратын цикл арқылы жалғасын табады.
Көрме келушілер үшін 2026 жылғы 17 шілдеге дейін жұмыс істейді.
|
Анықтама. Көрме авторы Нелли Бубэ 1949 жылы Қарағанды қаласында дүниегекелген. 1969 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1977 жылы Абайатындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған. 1979–1991 жылдары баспа саласында еңбек етіп, Ташкент, Мәскеу және Алматықалаларында өткен халықаралық кітап көрмелері мен жәрмеңкелеріне қатысқан. Балаларкітаптарын безендіргені үшін көптеген дипломдармен марапатталған. Сондай-ақ Норвегияныңтапсырысы бойынша орындалған інжіл тақырыбындағы картиналар топтамасы үшін авторлықкуәлікке ие. Нелли Бубэ 2004 жылы «Ұлы Жібек жолы» панорамасы үшін өткізілген «Интеллект»байқауының Бас жүлде иегері атанған. 1998 жылдан бері суретші Швейцария, Франция, Грекия,Италия, Чехия және Норвегия елдерінде өткен көптеген қалалық, республикалық, халықаралықжәне жеке көрмелерге қатысып келеді. Қазіргі уақытта Алматы қаласында тұрып, шығармашылық қызметпен айналысады. Нелли Бубэ шығармашылығының негізгі тақырыптары – көшпелі халықтардың тұрмысы менмәдениеті, Қазақстанның қолданбалы өнері мен петроглифтері, сондай-ақ Орталық Азия қалаларымен сәулет ескерткіштері. |