Басты бетШанхай ынтымақтастық ұйымы – 25 жыл: Астанада өткен саммиттер және олардың тарихи маңызы

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 25 жыл: Астанада өткен саммиттер және олардың тарихи маңызы

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 25 жыл:  Астанада өткен саммиттер және олардың тарихи маңызы

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – өңірлік қауіпсіздік, саяси сенім, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылған халықаралық ұйым. Оның негізі 1996 жылғы «Шанхай бестігі» форматынан бастау алып, 2001 жылы ресми түрде ШЫҰ болып құрылды. 2026 жылы ұйымның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда Қазақстанда өткен ШЫҰ саммитеріне тоқталған жөн. Астана ұйым саммиттерін 2005, 2011, 2017 және 2024 жылдары қабылдап, ШЫҰ-ның дамуындағы маңызды шешімдер қабылданған халықаралық диалог алаңына айналды.

Қазақстан Республикасы Президенттік архивінің қорларында ШЫҰ қызметіне, ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кездесулеріне, Астанада өткен саммиттерге және Қазақстанның ұйым аясындағы бастамаларына қатысты құнды архивтік құжаттар сақталған. Бұл материалдар ШЫҰ-ның даму тарихын, Қазақстанның ұйымдағы рөлін және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды кезеңдерін зерделеуге мүмкіндік береді.

2005 жылғы 5 шілдеде өткен Астана саммиті ұйым тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл жиын ШЫҰ-ның қауіпсіздік мәселелеріндегі ұстанымын айқындаған кездесу ретінде есте қалды. Саммит барысында терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес басым бағыт ретінде белгіленіп, аймақтық тұрақтылық пен мемлекетаралық сенімді арттыру мәселелері талқыланды.

2011 жылы Астана ШЫҰ-ның 10 жылдық мерейтойлық саммитін қабылдады. Кездесу ұйымның алғашқы онжылдығын қорытындылап, оның болашақ даму бағдарын айқындауға арналды. Саммит аясында ұйым қызметінің нәтижелері сараланып, саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері көтерілді. Сондай-ақ ШЫҰ-ның халықаралық беделін нығайтуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды. Бұл кезең ұйымның қауіпсіздік мәселелерімен ғана шектелмей, экономикалық, энергетикалық және көлік салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге бет бұрғанын көрсетті.

2017 жылғы Астана саммиті ШЫҰ-ның институционалдық дамуына жаңа серпін берді. Саммит нәтижесінде ұйым жаңа геосаяси деңгейге көтеріліп, мүшелер санының артуы оның халықаралық ықпалын күшейтті, экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі маңызды құжаттарға қол қойылды. Сараптамалық тұрғыдан алғанда, бұл саммит ШЫҰ-ның өңірлік ұйымнан жаһандық маңызы бар халықаралық платформаға айналуындағы шешуші кезең болды.

2024 жылғы 3–4 шілдеде Астанада өткен ШЫҰ саммиті ұйымның қазіргі кезеңдегі трансформациясын айқын көрсетті. «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбымен ұйымдастырылған жиында алғаш рет «ШЫҰ+» форматы қолданылды. Саммитке БҰҰ Бас хатшысы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Нәтижесінде шамамен 25 құжат пен бастама қабылданып, жаһандық қауіпсіздік, экономика, логистика, цифрлық даму және тұрақты өсім мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл саммит ШЫҰ қызметінің ауқымы кеңейіп, ұйымның халықаралық институттармен ықпалдастығының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті.

Астана саммиттері Қазақстанның ШЫҰ кеңістігіндегі дипломатиялық белсенділігін, диалог алаңы ретіндегі рөлін және Еуразиядағы стратегиялық маңызын айқын дәлелдейді.

Сонымен қатар, Қазақстан ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтеріп отыр. Мемлекет басшысы экология, климат және су қауіпсіздігі мәселелеріне баса назар аудару керектігін ерекше атап өтті.

2025 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев климаттық өзгерістердің салдары барған сайын күшейіп келе жатқанын айта келе, Қазақстанда ШЫҰ-ның Су мәселелерін зерттеу орталығын құру бастамасын ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, климат өзгерісі шекара талғамайды және әлемнің көптеген елдері мен өңірлеріне елеулі қауіп төндіруде. Шөлейттену, құрғақшылық, су қоймаларының тартылуы, мұздықтардың еруі секілді сын-қатерлерге бірлескен стратегия әзірлеу керектігі айтылды. Осы тұрғыда Қазақстанның ШЫҰ аясында Су мәселелерін зерттеу орталығын құру бастамасы ұйым қызметінің қауіпсіздік пен экономикадан бөлек, экологиялық тұрақтылық пен орнықты даму бағыттарына да басымдық бере бастағанын көрсетеді.

 

Архив жұмысы қызметінің

жетекші сарапшысы

Арайлым Жүнісова