2026 жылғы 5 маусымда сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында балаларға арналған «Балауса сезім» жобасы аясында «ЭКОсән» қалалық шығармашылық додасының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі мен дефиле өтеді. Іс-шара «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.
Жобаны Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы, Астана қаласының Білім басқармасы және Астана қаласының Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін арттыру, экологиялық жауапты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттау, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту және сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеу.
«ЭКОсән» – қоршаған ортаға жанашырлық пен адам денсаулығына жауапкершілік идеясын насихаттайтын жоба. Ол жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға үндейді.
Шығармашылық дода биылғы жылдың наурыз айында жарияланған болатын. Қатысушылар ұсынған 70-тен астам жұмыстың ішінен 30 үздік туынды іріктеліп алынды. Финалға шыққан қатысушылардың жасы 4 пен 15 жас аралығын қамтиды. Олардың қатарында Астана қаласындағы Балалар көркемсурет мектебінің, №2 Өнер мектебінің, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының және басқа да қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері бар.
Ұсынылған жұмыстарды Халықаралық педагог-суретшілер одағының мүшесі Асқар Жұмагелдіұлы Смағұлов пен Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, академик Әлия Ғайсина бағалады.
Байқау балалардың назарын қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу мәселелеріне аударды. Қайталама шикізатты тиімді пайдаланудың тың тәсілдерін іздестіруге бағытталған шығармашылық жұмыстарға ата-аналар да белсенді қатысып, экологиялық тәрбиенің маңызын арттыруға өз үлестерін қосты.
Іс-шараның шарықтау шегі – дефиле. Онда жас авторлар мен дизайнерлер тұрмыстық қалдықтар мен қайта өңделетін материалдардан әзірленген ерекше киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынады. Көрермендер пластикалық бөтелкелерден, кәмпит қаптамаларынан, полиэтилен пакеттерден, бір реттік ыдыстардан, газет-журналдардан және басқа да материалдардан жасалған тың дизайнерлік туындыларды тамашалай алады.
«ЭКОсән» шығармашылық додасы балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.