Басты бетҚұрбан айт – ізгілік айнасы

Құрбан айт – ізгілік айнасы

Құрбан айт – ізгілік айнасы Құрбан айт – ізгілік айнасы Құрбан айт – ізгілік айнасы Құрбан айт – ізгілік айнасы Құрбан айт – ізгілік айнасы

Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін терең рухани мәнге ие ұлық мейрамдардың бірі. Биыл оның алғашқы күні 27 мамырға келеді. Бұл қасиетті мереке ислам күнтізбесіндегі Зүлхижжа айының 10-күні басталып, үш күн бойы жалғасады. Сонымен қатар, ол – қасиетті Мекке қаласына жасалатын қажылық парызының аяқталуын білдіретін ерекше кезең. Аталмыш күн – мейірім мен қайырымдылықтың, бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі.

Құрбан айт мейрамы діни-тарихи тұрғыдан алғанда, адамның Жаратушыға деген сенімі мен мойынсұнуын көрсетіп,  құрбандық шалудың мәні түсіндіріліп, ол адамның рухани тазалығы мен адалдығын және ішкі беріктігін сипаттайды.

Уақыт өте келе Құрбан айт мұсылман қоғамында кеңінен таралып, әлеуметтік әрі рухани маңызы зор мейрамға айналды. Бұл күні мұсылман қауымы ниет етіп құрбан шалып, оның етін үш бөлікке бөліп таратады: бір бөлігі – өз отбасына, екінші бөлігі – туыстары мен көрші-қолаңға, үшінші бөлігі – мұқтаж жандарға беріледі. Осылайша, мереке қоғамдағы әлеуметтік теңдікті сақтауға және қайырымдылық мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

2005 жылға дейін Құрбан айт ресми мәртебеге ие болмағандықтан, көбінесе отбасылық деңгейде ғана атап өтілетін. 2005 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XI-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Құрбан айттың бірінші күнін және православие христиандарының Рождество мерекесін демалыс күні ретінде белгілеуді ұсынды.

Нәтижесінде, бұл ұсыныс депутаттардың көпшілігі мен үкімет тарапынан қолдау тауып, 2005 жылғы 30 желтоқсанда №109-III «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағында халқымыздың рухани өмірімен және ислам дінімен тығыз байланысты құнды жәдігерлер сақталған.

Соның ішінде ерекше атап өтетін жұмсақ инвентарь топтамасына жататын қасиетті бұйымдардың бірі – Қасиетті Қағба жабындысының бір бөлігі саналатын кисуахтың түпнұсқа фрагменті ерекше орын алады.  Бұл бірегей жәдігерлер 2025 жылы Мемлекет басшысына Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Юсуф әл-Мана тарапынан жоғары құрметтің белгісі ретінде табысталды.

Кисуах – Қағбаны жабатын арнайы матадан тігілген жамылғы және ислам әлеміндегі ең қасиетті нышандардың бірі болып саналады. Бұл жабынды Мекке қаласында орналасқан Қағбаның сыртқы қабатын толық қаптап тұрады және мұсылмандар үшін үлкен рухани мәнге ие. Кисуах жыл сайын Құрбан айт қарсаңында ауыстырылады. Ескі жамылғы арнайы бөлшектерге кесіліп, мұсылман елдеріне немесе беделді ұйымдарға сый ретінде таратылады. Бұл бөліктер қасиетті жәдігер ретінде ерекше құрметке ие.

Қазіргі уақытта кисуах арнайы фабрикада дайындалады. Фабрика Мекке қаласында орналасқан. Оның ресми атауы – Қағба жамылғысын өндіретін кешен. Кисуах жоғары сапалы табиғи жібектен тігіліп, қара түске боялады. Жамылғының бетіне алтын және күміс жіптермен Құран аяттары кестеленеді. Бұл жазулар ислам каллиграфиясының ең көркем үлгілерінің бірі болып саналады.

Кисуахтың салмағы шамамен 600–700 кг-ға жетеді, ал оны дайындауға ондаған шеберлер қатысады. Әрбір бөлшегі аса дәлдікпен, үлкен жауапкершілікпен жасалады.

Осылайша, Құрбан айт мейрамы тек діни рәсімдер жиынтығы ғана емес, ол – тарихи жады, рухани тәжірибе және әлеуметтік институттар жүйесі арқылы қалыптасқан кешенді мәдени феномен. Ал музейлік жәдігерлер, соның ішінде кисуахтың түпнұсқасы, осы феноменді ғылыми тұрғыдан тануға, мәдени мұраны сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге қызмет ететін маңызды дереккөз болып табылады.

 

Музей құндылықтарын есепке алу

және сақтау қызметінің аға сарапшысы

Айнұр Жидебай