Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеуде археологиялық еңбектердің орны ерекше. Солардың бірі – 1971 жылы жарық көрген К. М. Байпақов пен Л. Б. Ерзаковичтің «Древние города Казахстана» атты монографиясы. Бұл еңбек бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының сирек кітаптар қорында сақталған құнды басылымдардың бірі.
Кітап Алматы қаласында «Наука» баспасынан 212 бет көлемінде жарық көрген. Монография Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өңірлеріндегі ортағасырлық қалалардың тарихына арналған. Автoрлар археологиялық зерттеулер мен архивтік материалдарға сүйене отырып, Қазақстан аумағындағы көне қалалардың қалыптасуы мен дамуы туралы жан-жақты мәлімет береді.
Еңбекте Балқаш өңіріндегі Ақтам мен Ағашаяқ, Жоңғария маңындағы Жақсылық пен Антоновское, сондай-ақ Іле аңғарындағы Талғар мен Алматы қалашықтары туралы тың деректер қамтылған. Сонымен қатар Отырар, Түркістан, Сауран, Тараз, Сығанақ секілді ортағасырлық өркениет орталықтарының тарихы кеңінен баяндалады. Авторлар бұл қалалардың тек сауда мен қолөнер орталығы ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен ғылымның дамуына ықпал еткен маңызды аймақтар болғанын көрсетеді.
Монографияда соңғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері пайдаланылған және осы тұрғыда кітап ерекше ғылыми құнды болып отыр. Кітап авторлары өздері қатысқан зерттеулер негізінде көптеген тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізген. Бұл еңбек оқырманды Қазақстанның ортағасырлық тарихының жекелеген кезеңдерімен таныстырып қана қоймай, сол дәуірдегі мәдени және экономикалық өмірдің ерекшеліктерін түсіндіреді.
Сонымен бірге кітапта сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштері мен әлі күнге дейін толық шешімін таппаған тарихи жұмбақтар туралы да айтылады. Сондықтан бұл еңбек тарихшыларға, археологтарға, студенттерге және туған елдің тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған маңызды ғылыми басылым болып табылады.
«Қазақстанның көне қалалары» монографиясының Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының сирек кітаптар қорында сақталуы – еңбектің тарихи әрі ғылыми маңызын айқындай түседі. Сирек қордағы мұндай басылымдар ұлттық мұраны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу ісінде ерекше рөл атқарады. Бұл кітап – қазақ жеріндегі көне өркениет ошақтарының тарихын тануға жол ашатын құнды дереккөздердің бірі.
Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы
Мадина ТАЙТӨЛЕУОВА