22 мамырда ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері елордалық № 9 «Нұршашу» бөбекжай-бақшасының тәрбиеленушілері үшін көшпелі музей сабағын өткізді.
Іс-шара «Атамекен» ұзақ мерзімді ғылыми-білім беру жобасы аясында ұйымдастырылды. Сабақтың басты мақсаты – бүлдіршіндерді музейдің ғажайып әлемімен таныстыру, олардың бойында Қазақстан тарихына деген сүйіспеншілікті ояту және Отанына деген мақтаныш сезімін тәрбиелеу.
Интерактивті сабақ бағдарламасына интерактивті ойындар, танымдық әңгімелер, тақырыптық жұмбақтар және бірегей қордың көрсетілімі кірді. Дәріскер мектеп жасына дейінгі балаларға Президенттік орталықтың қызметі және «музей», «экспонат», «жинақ» сөздерінің мағынасы туралы айтып берді.
Кездесу соңында тәрбиеленушілер алған білімдерін ойын түрінде бекітіп, «Жинақты толықтыр» тапсырмасын орындады. Онда олар қажетті музей экспонаттарын өз бетінше іріктеп алды.
Өткен сабақ балалардың дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын байытып қана қоймай, олардың Отанымыздың тарихы мен мәдениетін одан әрі зерделеуге деген қызығушылығын оятты.