Басты бетЕлордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды

Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды

Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды Елордада «Нағиманың гүлдері» көрмесі ашылды

ҚР ПІБ Президенттік орталығында суретші, дизайнер Нағима Есенованың «Нағиманың гүлдері» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті.

Нағима Есенова 1979 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол 15 жылдан астам уақыт музей саласында суретші-дизайнер болып еңбек етті. Көрме экспозицияларын жасауға, баспа өнімдерінің көркемдік безендірілуі мен визуалды тұжырымдамасын әзірлеуге қатысып, еліміздегі маңызды мәдени жобалардың көркем келбетін қалыптастыруға үлес қосты.

Нағима Есенова – көптеген көркем және көрме жобаларының авторы, «Шабыт», «Жігер» секілді республикалық және халықаралық көрмелер мен фестивальдердің, сондай-ақ Қазақстанда және шетелде өткен бірқатар көркем жобалардың қатысушысы.

Суретшінің туындылары Қазақстан, Германия, Қытай, Ресей, Жапония және басқа да елдердегі жеке коллекцияларда сақтаулы. 2009 жылы оның «Менің қалам» картинасы халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды.

«Нағиманың гүлдері» көрмесі – суретшінің жеке шығармашылық челленджінен туған көркем ой-толғам. Бес ай ішінде автор табиғатқа, көңіл күй мен ішкі сезімдерге қатысты байқауларын біртұтас циклге біріктіріп, жүз картина салған.

«Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы өзінің көпжылдық «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында көктемгі көрме маусымын суретші әрі дизайнер Нағима Есенованың «Нағиманың гүлдері» атты жеке көрмесімен жалғастыруда. Жоба 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және оның басты мақсаты – Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттау. Біз көрермендерімізді танымал шеберлердің де, жас талантты авторлардың да шығармашылығымен таныстырып, олардың өз өнерін кеңінен танытуына мүмкіндік береміз. Көрме келушілер жүрегінен орын алып, шабыт сыйлап, жаңа әсерлер тарту етіп, күнделікті көзге үйреншікті дүниелерге жаңаша көзқараспен қарауға жол ашады деп сенемін», – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Н. Есенованың туындыларындағы гүлдер – табиғаттың көрінісі ғана емес, терең мағыналық мазмұнға ие мәдени рәміздер. Бұл – тек көз тартар әсемдік емес, түрлі халықтардың мәдени дәстүрлерімен сабақтасқан көпқабатты символика. Суретші пішін, түс пен көңіл күй арқылы ішкі тыныштықтан өмір қуатына дейінгі нәзік сезімдерді жеткізеді.

Қазақ мәдениетінде гүл – сұлулықтың, нәзіктіктің және өмір жалғастығының белгісі. Бұл картиналар Қазақстан жерінің табиғи байлығын, кең даланың көркемдігін және ұлттық рухты дәріптейді.

Ғылыми тұрғыда Қазақстан жері қызғалдақтың тарихи отаны екені дәлелденген. Бүгінде әлемде мәдени қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар және олардың басым бөлігі – қазақ даласындағы қызғалдақтардың «ұрпағы». 2025 жылғы қарашада қызғалдақ Қазақстанның жалпыұлттық рәміздерінің бірі ретінде бекітілді.

«Көкнәрлер» топтамасы нәзіктік пен өмірдің өткіншілігінің символы ретінде ұсынылған. Қазақ даласындағы көктемгі көкнәр алқаптары табиғаттың жаңаруын, еркіндік пен кеңдікті бейнелейді.

«Раушандар» сериясындағы картиналарда сұлулық, махаббат және рухани тазалық идеялары көрініс тапқан. Қазақ дүниетанымында раушан да көркемдіктің символы саналады.

«Күнбағыстар» топтамасы күннің нұры мен өмірдің қайнар көзін бейнелейді. Қазақстанның шексіз даласындағы алтын түсті алқаптар елдің берекесі мен ырысын еске салады.

«Пиондар» сериясындағы туындылар табиғаттың нәзік үйлесімін көрсетеді. Олар көбіне көктеммен, жаңарумен астасады. Бұл гүлдер туған жердің тазалығын, табиғат байлығын және қазақ халқының қоршаған ортамен етене байланысын танытады.

«Дала гүлдері» сериясындағы картиналар – Ұлы даланың еркіндігі мен кеңдігін бейнелейтін шығармалар. Әртүрлі дала гүлдері Қазақстан табиғатының алуан түрлілігін көрсетеді. Дала гүлдері қарапайымдылықты, табиғилықты және халықтың туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Осылайша, бұл туындылар Қазақстан табиғатының жарқын бояуларын ғана емес, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарын да айшықтайды.

«Нағиманың гүлдері» көрмесі – асықпай аялдап, сезініп, күнделікті өмірден жаңаны байқауға шақыратын ерекше кеңістік. Көрмеге қойылған 100 картина Қазақстан табиғатының көркем бейнесін ғана емес, ел тарихы мен ұлттық құндылықтарын да танытады.