Биыл 18 мамырда Қазақстанның халық жазушысы, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы Олжас Омарұлы Сүлейменов 90 жасқа толды.
Олжас Сүлейменов 1936 жылы Алматы қаласында әскери қызметкердің отбасында дүниеге келді. 1959 жылы Қазақ ұлттық университетін, одан соң Мәскеудегі М. Горкий атындағы Әдебиет институтын бітірді. «Арғымақтар» деп аталатын алғашқы өлеңдер жинағы, 1961 жылы басылып шықты. «Адамға табын жер енді..» поэмасы арқылы жас ақын бүкіл әлемге танылды. Мерейтой қарсаңында, ел аманатын арқалаған дара тұлғаның қоғамдық қызметіне тоқталсақ.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталықтың архив қорында Олжас Сүлейменовтің саяси-қоғамдық қызметінен сыр шертетін тарихи құнды құжаттар сақталған. Құжаттардың мазмұнын Семей облысы атынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, Олжас Сүлейменовтің Семей ядролық сынақ полигонын жабу мақсатында құрған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы қызметін баяндайтын құжаттар, деректі фильмдер мен фотоматериалдар құрайды.
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы қазақ жеріне қасірет әкелген, ядролық сынақ полигонын жабуға орасан зор үлес қосты.
Архив қоймасынан орын алған 1 қор құжаттарының арасындағы 1 тізімдеменің 12 ісінде сақталған Президентке арнайы дайындалған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы туралы қысқаша анықтама бар. Онда, «Невада-Семей» қозғалысының қысқаша тарихы мен оны құрушы О. Сүлейменовтің ұйымдастырумен өткен іс-шаралар туралы нақты ақпараттар хронологиялық тәртіппен көрсетілген.
Анықтама негізінде Олжас Сүлейменов 1989 жылы 26 ақпанда Қазақстанның орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында атом қаруын сынауды дереу тоқтатуды талап еткен және бүкіл халықты полигондағы жарылысты тоқтатуға шақырған ашық үндеу жасаған. Сонымен қатар, 1989 жылдың 28 ақпанында О. Сүлейменовтің төрағалығымен ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы құрылған. Сол жылдың маусым-шілде айларында Олжас Сүлейменовтің КСРО депутаттарының бірінші съезінде аталған қозғалыстың талаптары мен мақсаттары туралы баяндама жасаған. 1989 жылдың тамыз айынан бастап, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының бастамасымен Қазақстанның барлық аймақтарында атом қаруын сынауға қарсы бейбіт шерулер, митингілер, акциялар белең ала бастады.
Президенттік орталықтың фотоқұжаттар қорында О. Сүлейменовке қатысты жинақталған фотоматериалдар, жоғарыда аталған деректердің дәлелі. Соның бірі: 1989 жылдың 28 ақпанында Олжас Сүлейменов Жазушылар одағы ғимаратының алдында бүкіл Қазақстан халқына ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалыстың құрылғанын жария ету сәтінің фотосуреті. Фотоматериалдар арасынан 1989 жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық жарылыстарға қарсы ұйымдастырылған, бейбіт шеруде сөз сөйлеп тұрған О. Сүлейменовті көре аламыз.
Бейнеқұжаттар қорында «Невада-Семей» қозғалысы туралы және оның жетекшісі Олжас Сүлейменовтің полигон зардаптары туралы сұхбаттары жазылған «Қазақстан бейбітшілік елі», «Полигон», «Невада-Семей» деректі фильмдері мен бейнероликтер сақталған. Онда қоғам қайраткері О. Сүлейменов «1989 жылы сәуірде Семей облысының атынан Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайландым. Сайлаушылардың бір ғана аманаты болды, ол – Семей полигонын жабу және оны шешу басты міндетім еді. 500 депутаттың ішінде бір адам ғана екі жылдың ішінде сайлаушылардың тілегін орындады. Ол – Олжас Сүлейменов. Сынақты тоқтата алдық. Соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды. Сол жылы 18 жарылыстың жетеуі ғана өтті. Сонда біз 11-інің алдын алдық. 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі КСРО үкіметі Семей полигонын жабу мәселесін қарастыру керек деген қаулы қабылдады» деген болатын.
Ұлт тағдыры үшін ұлы күресте жеңіске жеткен тұлғалар көп. Ел аманатын арқалаған – Олжас Сүлейменов сынды алып тұлғалардың абыройлы еңбегі қашан да жоғары бағаланбақ.
ҚР Президенттік орталығы
Архив жұмысы қызметінің
жетекші сарапшысы
Гүлнәр Әбдібекова