14 мамыр күні ҚР Президенттік орталығының қызметкерлері С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызына арналған көшпелі интерактивті дәріс өткізді.
Іс-шара оқушылардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға және Қазақстан егемендігінің басты нышандары туралы білімдерін тереңдетуге бағытталды.
Кездесу барысында лектор Ту, Елтаңба және Әнұран мәтініндегі көркемдік әрі сакралды мән-мағынаны жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ оқушылар тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздердің қалай әзірленіп, бекітілгені туралы мәлімет алып, бұл нышандарды тек танып-білу ғана емес, оларға күнделікті өмірде құрметпен қараудың маңызын ұғынды.
Сабақ барысында жасөспірімдерге Президенттік орталық қорынан алынған бірегей архивтік құжаттар мен фотосуреттер, сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің жасалуы мен өндірісі туралы деректі фильм көрсетілді. Фильм арқылы оқушылар рәміздердің эскиздері қалай әзірленгенін, ту мен елтаңбаны дайындауда қандай қатаң стандарттар мен технологиялар қолданылатынын білді.