Басты бетПрезиденттік орталықта елордалық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары көрмесі ашылды

Президенттік орталықта елордалық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары көрмесі ашылды

Президенттік орталықта елордалық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары көрмесі ашылды Президенттік орталықта елордалық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары көрмесі ашылды Президенттік орталықта елордалық мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары көрмесі ашылды

ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Milestone» жан-жақты дамыту мектебі мен № 97 мектеп-гимназиясы оқушыларының «Milestone Arts» атты шығармашылық жұмыстары көрмесінің ашылуы өтті. Көрме Президенттік орталықтың «Балауса сезім» балалар жобасы аясында ұйымдастырылды.

Аталған жоба балалар шығармашылығын қолдауға, білім беру бастамаларын дамытуға және инклюзивті мәдени ортаны қалыптастыруға бағытталған. Жоба әртүрлі білім беру мүмкіндіктері бар балаларды біріктіріп, олардың өзін-өзі еркін танытуына, шығармашылық әлеуетін ашуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына тең мүмкіндік жасайды.

««Балауса сезім» жобасы – балалардың талантын ашуға, шығармашылық әлеуеті мен эмоциялық әлемін дамытуға, сондай-ақ әрбір баланың өнер, қарым-қатынас және шабыт арқылы өзін еркін таныта алатын кеңістігін қалыптастыруға бағытталған Президенттік орталықтың шығармашылық алаңы. Бүгін біз балалардың көзімен әлемді көру үшін жиналдық – ол шынайы, жарқын, қиялға, мейірімге және әсемдікке деген ерекше сезімге толы әлем. Бұл көрмедегі әрбір жұмыс – жай ғана сурет емес, ол – түс пен пішін арқылы бейнеленген оқиға, эмоция және арман. Әсіресе, бұл шығармашылық кеңістікте шекараның жоқтығы маңызды. Мұнда әрбір бала өз ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне қарамастан өзін еркін көрсете алады. Инклюзивті тәсіл өнерді шынайы тірі әрі біріктіруші күшке айналдырады, мұнда әр дауыс маңызды, ал әрбір жұмыс қайталанбас әрі құнды», – деп атап өтті Президенттік орталық директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Президенттік орталық өскелең ұрпақты тәрбиелеу және дамыту мәселелеріне дәстүрлі түрде ерекше назар аударып келеді. Осы бағытта эстетикалық, адамгершілік және әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыруға арналған көрмелер мен мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.

Жоба аясында өзара құрмет, қабылдау және қолдау идеяларын ілгерілетуге ерекше мән беріледі. Көрме толеранттылық пен әлеуметтік бірлікті нығайтуға, сондай-ақ әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер қағидатын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Milestone» мектебі – 2021 жылы құрылған, 1–9 сынып аралығында 250 оқушы білім алатын заманауи толық күндік жекеменшік мектеп. Мұндағы білім беру үдерісі мемлекеттік стандарт пен авторлық бағдарламаларды ұштастыра отырып, ағылшын тілі, логика, бағдарламалау және робототехника пәндерін тереңдетіп оқытуға негізделген. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға, ETS Global және Fibonacci International Olympiad халықаралық білім беру жобаларына қатысуына ерекше көңіл бөлінеді.

№ 97 мектеп-гимназиясы – ұлттық құндылықтар негізінде тұлғаны жан-жақты оқыту мен тәрбиелеуге бағытталған заманауи білім беру мекемесі. Мектепте оқушылардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін және дарындылығын дамытуға арналған «Адал азамат», «Әділетті мектеп» және «Zerek» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Халықаралық және қалалық жобаларға белсенді қатысу, сондай-ақ үйірмелер мен секциялардың жұмысы оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасайды.

Көрме аясында инклюзивті тәсілдер жүйелі түрде дамытылып, барлық санаттағы оқушылар үшін олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін қолдаушы орта қалыптастырылуда.

Экспозицияға балалардың жеке көзқарасы мен шығармашылық ізденісін танытатын түрлі техника мен жанрда орындалған 60-қа жуық шығармашылық жұмыс қойылған.