Басты бетІлия Жақанов – өнерге жанашыр, рухани мұраны дәріптеуші

Ілия Жақанов – өнерге жанашыр, рухани мұраны дәріптеуші

Ілия Жақанов – өнерге жанашыр, рухани мұраны дәріптеуші Ілия Жақанов – өнерге жанашыр, рухани мұраны дәріптеуші

Күллі қазаққа сазды да назды әуендерімен танылған Ілия Жақановтың 90 жылдығына орай дара талант иесінің өмірі мен шығармашылығы жайлы тоқталуды жөн көрдім. Ілия Жақанов – қазақ руханиятының биік шыңында тұрған, саз арқылы ұлттың жанын сөйлеткен бірегей тұлға. Оның шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани азық болып, қазақ мәдениетінің алтын қорынан өз орнын ала береді.

Ілия Жақанов 1936 жылдың 6 мамырында Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, өнерге деген құштарлығы ерте оянып, мектеп кезінен бастап ән айтып, домбырада ойнай білген.  

1959 жылы ол Алматы қаласындағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтады. Студенттік жылдары әдебиет пен өнерге деген қызығушылығы артып, болашақта осы салаларда еңбек етеді. Ілия Жақанов еңбек жолын «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінен бастады. Газеттің әдебиет және өнер бөлімін басқарған жылдары ол қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өзекті мәселелерін жүйелі түрде көтеріп отырды. 1963–1984 жылдар аралығында Қазақ КСР Телевизия және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінде жұмыс істеді. Осы кезеңде ол радиода музыкалық бағдарламаларды ұйыдастыруға, ұлттық музыка өнерін кеңінен насихаттауға зор үлес қосты.

Ілия Жақановтың шығармашылық мұрасы сан қырлы. Ол қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеп, сал-серілер мен халық композиторларының өмірі мен еңбектерін зерделеді. Ізденістері мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) атты повестері әдебиетке жаңа серпін әкелді. Сонымен қатар «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер мен эсселер жинақтары жарық көрді.

Жазушының ең танымал туындыларының бірі – қазақтың атақты қобызшысы Ықыласқа арналған «Ықылас» романы. Бұл шығарма алғаш рет қырғыз тілінде «Кертолғау» деген атаумен басылып, кейін қазақ тілінде жарияланған. Романда Ықыластың өмір жолы мен шығармашылығы терең талданып, оның қазақ музыка мәдениетіндегі орны айқын көрсетілген. Сонымен қатар Ілия Жақанов «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» сынды өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ерекше мән берді. Бұдан бөлек, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамов сияқты композиторлардың еңбектері туралы жазған зерттеулері де кеңінен танымал. Оның «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты деректі фильмдерге жазған сценарийлері қазақ өнерінің тарихын тереңірек танытуға бағытталған. Бұл еңбектерде ұлы тұлғалардың өмірі мен өнері жан-жақты қамтылған.

Ілия Жақанов өз еңбектерінде ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселелеріне айрықша назар аударды. Ол халықтың тарихы мен мәдени мұрасын зерттеп, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуді мақсат етті. Оның пайымынша, ұлттық өнер – халықтың рухани байлығы, сондықтан оны қорғау мен дамыту әрбір азаматтың міндеті. Жазушы шығармаларында ел бірлігі, отансүйгіштік, ұлттық рух секілді тақырыптар кеңінен көрініс табады. Ол қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін дәріптеп, кейінгі ұрпақты осы мұраны қадірлеуге үндейді.

Ілия Жақановтың еңбектері қазақ мәдениетінің асыл қазынасына айналды. Оның шығармалары ұлттық музыканы зерттеп, кеңінен танытуға бағытталған. Ол ұлы тұлғалардың мұрасын зерделеп, оны болашақ ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етті. Қорытындылай келетін болсақ, Ілия Жақановтың шығармашылығы қазақ халқының мәдени байлығын сақтау мен дамытуға зор үлес қосып, ұлттық бірлік пен патриотизм идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 17 наурыздағы №838 Жарлығымен Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін жазушы Илья Жақановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдызбен марапаттайды. Марапаттау рәсімінде: «Менің Жарлығыммен еліміздің ең жоғары атағы аса құрметті композитор, жазушы, өнертанушы Илья Жақановқа беріледі. Илья Жақанов қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстанның еңбек ері атанды» - деп, жазушының өнеріне жоғары баға берді.

 

ҚР ПІБ Президенттік орталығы

Архив жұмысы қызметінің

жетекші сарапшысы

Жүнісова Арайлым Қалелқызы