Жеңіс күні қарсаңында ҚР ПІБ Президенттік орталығында тарихи естелікті сақтау және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігіне арналған «Қаһарман қазақстандықтар. Соғыс қасіреті» атты қонақ дәрісі өтті. Спикер ретінде Торайғыров университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Аслан Азербаев сөз сөйледі.
Іс-шараға елордадағы жоғары және орта білім беру ұйымдарының 90 студенті мен жоғары сынып оқушылары қатысты. Олар үшін оқулықтардағы құрғақ деректер нақты іздестіру экспедициялары туралы әңгімелер арқылы жанданып, ерекше әсер қалдырды.
Кездесудің маңызды бөлігі «Майдан жолы» іздестіру жасағының қызметіне арналды. 2009 жылдан бері қозғалыс еріктілері майдан далаларында қалған жауынгерлердің сүйектерін іздеп тауып, қайта жерлеу жұмыстарымен айналысып келеді. Дәріс барысында Қазақстандағы іздестіру қозғалысының негізін қалаушы, «Мемориалдық аймақ» жасағының жетекшісі Майдан Құсайыновтың тұлғасына ерекше назар аударылды. Оның көпжылдық еңбегі еліміздегі естелік мәдениетінің қалыптасуына берік негіз қалады.
А. Азербаев жастармен 2010 жылы Ресейдің Ленинград облысындағы Синявин биіктіктерінде өткен экспедицияға қатысу тәжірибесімен бөлісті. Еріктілердің ауыр тұрмыс жағдайлары мен табылған әрбір жәдігердің – жауынгердің қазаны мен аты-жөні жазылған медальонға дейінгі – құндылығы туралы әңгіме тыңдаушыларға терең әсер етті.
«Жер бетінде әлі күнге дейін жауынгерлердің сүйектері мен жарылмай қалған оқ-дәрілер жатқанын көргенде, соғыстың алыста қалған тарих емес, жуырда ғана болғанын түсінесің», – деп атап өтті спикер.
Дәрістің жеке бөлімі қазақ халқының даңқты қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 95 жыл толуына арналды. Лектор Невель шабуыл операциясы мен Невель қаласын азат ету тарихымен таныстырды. Бұл жеңіс 100-ші жеке атқыштар бригадасының жауынгерлік ерлігімен жүзеге асқан. Сол шайқастарда аты аңызға айналған мерген Ибраһим Сүлейменов пен батыл қолбасшы Абылхайыр Баймулдин ерекше аталып өтті. Олардың есімдері Псков жерін азат ету тарихына мәңгілікке жазылды.
Сөз соңында Аслан Азербаев қатысушыларды ел тарихына бейжай қарамауға шақырды. Ол жастарды отбасылық мұрағаттарды зерделеуге, ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің естеліктерін қастерлеп сақтауға үндеді. Спикердің айтуынша, әрбір жас адамның өз отбасының тарихына деген жауапкершілігі жалпыұлттық тарихи естеліктің берік негізін қалыптастырады және ата-бабалар ерлігінің ұмыт қалуына жол бермейді.