Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру аясында ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері Ақмола облысы Целиноград ауданы Аққайың ауылындағы «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында сенбілік өткізді. Сенбілік барысында әлеуметтік мекеменің аумағы абаттандырылып, шамамен 100 қап қатты тұрмыстық қалдықтар мен қураған шөп жиналды, 50-ге жуық ағаш әктеліп, 20-ға жуық қоқыс жәшігі боялды.
Аталған іс-шара аға буынға деген терең құрмет пен қолдаудың жарқын көрінісі болып, инклюзивті қоғамды дамытуға ықпал етті.
Айта кету керек, бүгінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бірлік пен ынтымақтастықтың символы ретінде қабылдануда. Экология мәселесі әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жас және әлеуметтік топтағы адамдарды біріктіретін маңызды тақырыпқа айналды. Аумақтарды тазалау немесе ағаш отырғызу жұмыстарына қатысу патриотизмнің көрінісі әрі ел болашағына қосқан үлес ретінде бағалануда. Экопатриотизм ұлттық бірегейліктің маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.
Анықтама: «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ (Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Аққайың ауылы, Мира көшесі, 26-құрылыс) Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау басқармасының қарамағында. Орталық 1968 жылы ашылған. Қызмет алушылар саны – 142 адам, олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар мен қарт азаматтар бар. Қамқорлыққа алынғандардың шамамен 70%-ының жақын туыстары жоқ.