Басты бетҚазақстандағы президенттік институт: жаңа конституциялық кезең

Қазақстандағы президенттік институт: жаңа конституциялық кезең

Қазақстандағы президенттік институт:  жаңа конституциялық кезең

          Қазақстанның мемлекеттік құрылымында президенттік институт – ел егемендігінің іргетасы мен саяси тұрақтылықтың басты кепілі. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымының тағайындалуынан басталған бұл жол бүгінгі күнге дейін уақыт талабына сәйкес дамып, ел тағдыры шешілер сәттерде тұрақтылықты қамтамасыз етті. 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануы осы институционалдық реформалардың заңды жалғасына айналды.

          Президенттік институт бүгінде «Әділетті Қазақстан» стратегиясы аясында түбегейлі трансформацияланып, жаңа конституциялық модельге көшті. Бұл — жай ғана билік құрылымын өзгерту емес, мемлекеттік басқаруды демократияландыру мен институционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам.

          Жаңа конституциялық модельдің өзегі – «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы. Бұл жүйе аясында Президенттің өкілеттіктері шектен тыс шоғырланудан арылып, саяси жүйенің тепе-теңдік тетіктері күшейтілді.

          Жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан.

          Мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымдық негіздеріне айтарлықтай түзетулер енгізілді. Қос палаталы Парламент институты қызметін аяқтайды. Оның орнын жоғары заң шығарушы орган ретінде жаңадан жасақталған Құрылтай басады. Құрылтай құрамы 145 мандаттан құралады. Депутаттар біртұтас жалпыұлттық округ негізінде пропорционалды сайлау моделі бойынша жасақталады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.

          Мемлекеттік кеңесші институты тарқатылып, оның орнына Вице-президент лауазымы енгізілді. Вице-президентті Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып тағайындайды. Оның құзырет аясын Президент өзі белгілейді. Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша:

  • Халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
  • Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді;
  • Еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады;
  • Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.

          Вице-президент өз міндеттерін атқара алмайтын жағдайда, мемлекетті басқару тізгіні алдымен Құрылтай спикеріне, содан кейін Үкімет басшысына беріледі. Бұл жүйе мемлекеттік аппараттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

          Жобаға сәйкес, Ассамблеяның орнына Қазақстан Халық кеңесін құру көзделіп отыр. 126 азаматтан тұратын бұл жаңа құрылым ел мүддесін қорғайтын жоғары кеңесші орган ретінде айқындалмақ.

          Халық кеңесі:

  • заң жобаларын ұсына алады;
  • референдум бастамасын көтере алады;
  • ұлттық бірлікке қатысты ұсыныстар әзірлей алады.

          Жаңа Конституция Мемлекет басшысының бірқатар кадрлық өкілеттіктерін күшейтеді. Енді мемлекет басшысы:

  • Бас прокурорды,
  • Конституциялық сот төрағасын,
  • Жоғарғы сот төрағасын,
  • Ұлттық банк басшысын,
  • Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тікелей өзі тағайындай алады.

          Егер Құрылтай Вице-президент, Премьер-министр немесе Спикер лауазымдарына ұсынылған үміткерлерді бекітпесе, Мемлекет басшысы өкілетті органды таратуға және жаңа құрам сайланғанша заңнамалық функцияларды дербес жүзеге асыруға құқылы.

          «Қазақстанның Президенттік республика ретінде табысты дами беретініне сенімдімін. Өзінің тиімділігін көрсеткен осы саяси жүйеден бас тартуға болмайды. Халықаралық тәжірибе дәл осы таңдаудың дұрыс екенін айқын көрсетіп отыр. Мен ұсынған мемлекеттік билік реформалары, атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу, Халық Кеңесін құру, Вице-президент лауазымын енгізу еліміздің дамуына зор серпін береді, оның әлеуетін арттыра түседі деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында сөйлеген сөзінде.

          Сонымен қатар, құжатта адам құқықтары мен сөз бостандығына басымдық беріліп, еңбек даулары мен жеке деректерді қорғау мәселелері жаңа нормативтік негізде қайта бекітілді.

          Мемлекет пен дін арасындағы шекара нақты айқындалып, екеуінің де қоғамдағы өзіндік рөлдері заңнамалық деңгейде ажыратылды.

          Оқу-ағарту және тәрбие үдерістерінің тек зайырлылық қағидаттарына негізделетіні заң жүзінде бекітілді.

          Отбасы институтын нығайту мақсатында неке еріктілік пен теңдікке негізделген ер мен әйелдің одағы ретінде нақтыланды. Бұл норма дәстүрлі отбасылық құндылықтардың құқықтық қорғанысын күшейтіп, әйелдердің қоғамдағы мәртебесі мен құқықтарын конституциялық кепілдікпен қамтамасыз етеді.

          Ұлттық мәдениетті өркендету мен тарихи мұраны көздің қарашығындай сақтау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып бекітілді.

          Түйіндей айтқанда, жаңа Конституцияның мазмұндық өзегі – гуманизм қағидаттарына құрылған. Ол қоғамның өзекті құндылықтары мен мемлекеттіліктің іргелі принциптерін айқындап, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды негізгі мақсат етеді. Аталған құжаттың ең басты ерекшелігі – жеке тұлғаның құқықтық қорғалуын барлық саяси өзгерістердің негізі ретінде бекітуі.

          2026 жылғы 15 наурыздағы жалпыхалықтық таңдау негізінде қабылданған жаңа Конституция мемлекеттің саяси келбетін жаңғыртудың кепілі болмақ. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап толық күшіне еніп, ел дамуының жаңа құқықтық кезеңіне жол ашады. Осы күннен бастап жоғарыда аталған барлық тетіктерді іс жүзінде іске асыру кезеңі басталады.

 

 

Г.Ә. Рамазанова,

Мәдени және білім беру жобалары қызметінің

жетекші ғылыми қызметкері