Басты бетУақыт сақшылары: Президенттік орталық кітапханасына саяхат

Уақыт сақшылары: Президенттік орталық кітапханасына саяхат

Уақыт сақшылары: Президенттік орталық кітапханасына саяхат

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің                                 ІV отырысында: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген еді.

Қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – Қазақстанның рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағытта маңызды жұмысты атқарып отырған – кітапханалар.

Кітапханашылардың кәсіби мерекесін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізіліп, үстіміздегі жылдан бастап бұл атаулы күн 23 сәуір болып белгіленді. Бұл күн Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күнімен сәйкес келеді. Сонымен қатар, дәл осы күні Дүниежүзілік Кітап және авторлық құқықты қорғау күні мерекесі де аталып өтеді.

Кітапханашылар күні мерекесі – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кітапхана қызметкерлеріне құрмет көрсету күні. Елімізде кітапханалар әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастыратын ең маңызды мәдени-ағарту мекемелері болып саналады.

Аталған мереке қарсаңында еліміздің жетекші мәдениет ошақтары туралы айтудың маңызы арта түседі. Мәдени мұраны сақтау және насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратын ұйымдардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы.

Орталықтың көпфункционалды ғимаратына музей, кітапхана, архив және көрме залдары кіреді. Мұнда Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасу кезеңдерін көрсететін бірегей құжаттар мен экспозициялар жинақталған. Мұнда кітапхана, архив және музей жеке институттар ретінде емес, ұлттық тарихтың, президенттік бастамалардың және елдің мәдени дамуының қырларын ашуға бағытталған біртұтас жүйенің өзара байланысты элементтері ретінде әрекет етеді.

Мемлекеттің бірінші тұлғаларының тарихи мұрасын сақтау қалыптасқан әлемдік тәжірибе. Президенттік орталықтың кітапханасы Қазақстан  Республикасы Президенттерінің жеке кітапханасын сақтаумен және зерттеумен айналысады. Өйткені ол ел тарихының ажырамас бөлігі ретінде бірге өмір сүретін тарихи заңдылық.

Президенттік орталықтың кітапхана қорында президенттік институттың қалыптасу тарихы, мемлекеттік құрылымның теориясы мен практикасы туралы кітаптар, Қазақстан мен Орталық Азия елдері мемлекеттілігінің тарихы бойынша жазылған ғылыми еңбектер және мерзімді басылымдар жинақталған. Президенттік орталық кітапханасынан ғалымдар, ізденушілер, студенттер, оқушылар айналысып жүрген ғылыми зерттеулері бойынша сирек кездесетін материалдарды таба алады.

Кітапхана — өткеннен тамыр тартып, бір ұрпақты екіншісімен, тарихты бүгінгі күнмен жалғап жатқан алтын арқау. Ғасырлар бойы әр кезеңнің түрлі кітаптары адамзат үшін өшпес із қалдырып келеді. Мұнда көне былғары мұқабалы жәдігерлер мен баспахана бояуы кеппеген басылымдар қатар тұрады.

1835 жылы жарық көрген «Энциклопедическій лексиконъ» атты алғашқы орыс тіліндегі әмбебап энциклопедияның 1-ші томы, 1898 жылы жарық көрген Г. Спенсердің «Основание социологии : Часть 1. Данные социологии. Часть 2. Индукция социологии».

Ж. Жабаев, Н. Байғанин, Айманқұл, И. Байзақов, А. Тоқмағамбетов, Т. Жароков, С. Керімбеков, Ә. Тәжібаев, П. Кузнецов, А. Жұмағалиев, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Қ. Сүлейменов және басқа да қазақ жазушылары мен ақындарының өлеңдері мен поэмалары, әңгімелері енген 1940 жылы жарық көрген «ТARTU» көркем-әдеби жинағы сынды еңбектер кітапхананың сирек кітаптар қорын құрайды. Бүгінде сирек кітаптар қоры 300-ге жуық кітапты құрап отыр.

Президенттік орталық кітапханасындағы тағы бір құнды қор – Құрандар топтамасы. Топтама 50-ден астам Құран кітаптарын қамтиды, оның ішінде жылдары белгісіз еңбектермен қатар, 1856 жылы жарық көрген көне құранның қолжазба түріндегі толық нұсқасы сақталған еңбекті мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының кітапханасы өз қызметінде әлемдік озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді басшылыққа алады. Үнемі даму және қоғамның өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне бейімделу оған әрдайым өзекті әрі сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді. Бұл — дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан, өткен тарихтың болашаққа нәр беретін, ал білім ел прогресінің қозғаушы күшіне айналып, оның халықаралық аренадағы интеллектуалды және мәдени даму орталығы ретіндегі позициясын нығайтатын мекен.

Сонымен қатар кітапханың қызметі аталған бағыттармен шектелмейді. Президенттік орталықтағы кітапхана қызметкерлері өскелең ұрпақпен мәдени-ағартушылық және тәрбие жұмыстарын жүргізіп, кітап арқылы қоғамымызды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылауға арналған сараптамалық алаң ретінде де қызмет атқаруда.

Бүгінгі күні Президенттік орталықта жаңадан арнайы ақпараттық жүйе жетілдіріліп, оның ішінде кітапханалық-библиографиялық процестердің барлық кезеңдерін қамтуға, жұмыс барысында тұрақтылыққа қол жеткізуге, корпоративтік желілермен өзара іс-қимыл жасауға, халықаралық стандарттар мен жіктеу жүйелерін, Интернет технологияларын қолдауға және басқа да оң ерекшеліктерді игеруге мүмкіндік беру көзделіп отыр. Бұл жүйе Президенттік кітапханада іргелі электронды кітапхана құруға және оқырмандарға қашықтан қызмет көрсетуді қолдануға мүмкіндік беретін болады.

Кешен мәдени, ғылыми және білім беру бағыттарын біріктіріп, Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі мен Президенттің қызметін зерттеуге арналған маңызды алаң болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының басты мақсаты — елдің тарихи мұрасын сақтау, Қазақстан туралы білімді кеңінен тарату және саяси, мәдени, гуманитарлық салалардағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Президентік орталықтың кітапхана қызметі ұйымдастыратын көпшілік  іс-шаралар кешенді ақпараттық, біліми және идеологиялық мақсаттарды көздейді. Олар көрмелер, конференциялар мен кездесулер ұйымдастыру арқылы ағартушылыққа, танымдық белсенділікті ынталандыруға, сондай-ақ әлеуметтік сана-сезімді тәрбиелеу мақсаттарына қызмет етеді. Кітапхана қызметімен ұйымдастырылатын әрбір шара Президенттік орталықты қарым-қатынас орнайтын заманауи орталыққа айналдыра отырып, жаңа оқырмандарды тартады, олардың өзін-өзі дамытуына және шығармашылық атмосферада пікір алмасуына көмектеседі. Осылайша кітапхана мәдени алмасу мен қалыптасқан шеңберден тыс идеялар туындайтын жанды алаң ретінде жұмыс істейді.

Цифрлық технологиялар дәуірінде кітапханалар өз маңызын жоғалтпайды, олар білімнің, идеялар мен қарым-қатынастың заманауи орталығына айналып отыр. Осы орайда, Президенттік орталықтың кітапхана мамандары кәсіби біліктілігі мен өз ісіне деген адалдығымен Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Мәдени мұраны дәріптеу мен көпшілікке қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.

Президенттік орталықтың кітапханасы тарихи жадының сақтаушысы және ел болашағы туралы сұхбат алаңы ретінде қызмет көрсететін бірегей мәдени-ағарту орталығы болып табылады.

 

#ҰлттықКітапКүні2026

#НациональныйДеньКниги2026

 

 

Дина Аманжолова

ҚР Президенттік орталығының

кітапхана жұмысы қызметінің

жетекші сарапшысы