Басты бетҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті

ҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті

ҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті ҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті ҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті ҚР Президенттік орталығында Лейла Махаттың «Тек» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті

Жобаның атауы түркі мәдениетіндегі ең терең ұғымдардың біріне меңзейді. «Тек» сөзі – тегі, шығу тегі, ата-баба жады деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар «тек» – «ғана» деген ұғымды да қамтиды: «тек саған ғана байланысты» – бәрі өзіңе байланысты. Көрме осы екі өлшемді тоғыстырады: бізге мұра болып қалған дүниелер мен өзіміз таңдаған болмыс.

Іс-шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері, сондай-ақ елорда жұртшылығы қатарынан 100-ге жуық адам қатысты.

Жобаның өзегінде түркі дүниесінің көне дәуіріндегі ұлы әйелдердің бейнелері, Бактрия ханшайымдары, қазақ келіндері, дәстүрлі шаш әшекейлерін таққан қыздар, киелі жылқылар мен қара қабыландар көрініс табады. Мұнда өткен кезең музейлік жәдігер ретінде емес, қазіргі адаммен тілдесетін тірі рухани күш ретінде ұсынылған.

«Авторлық жұмыстар Ұлы даланың дәстүрлі рәміздері мен мәдени кодтарын еуропалық көркемсурет мектебімен үйлестірген ерекше синтезді көрсетеді. Барлық туындылар бірегей авторлық техникада орындалған: нәзік графика, майлы кескіндеме және майлы пастель бір арнаға тоғысқан. Бұл тәсіл әрбір детальды ата-баба мұрасы мен рухани бастаулар туралы үлкен көркем әңгімеге айналдырады. Лейлаға өзінің көркемдік көзқарасын батыл жеткізгені, шығармаларының тереңдігі мен әсерлілігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бакытжан Темирболат.

Лейла Махат археологияны портретке, мәдени жадыны көркем бейнеге, ал Ұлы дала тарихын заманауи диалог кеңістігіне айналдырады. Жобада көне рәміздер еуропалық көркем дәстүрмен үндесіп, көшпелі мәдениет мотивтері Леонардо да Винчи мен Рафаэль шығармаларымен рухани сұхбат құрады, өз болмысын жоғалтпай.

«Мен үшін әр көрме – үлкен сынақ әрі өзіндік емтихан. Өйткені көрерменге жүрегің мен жаныңды ашасың. Бүгін «Тек» көрмесін ұсынып отырмын. Бұл жұмыстар екі жыл бойы шеберханамда болды. Шынымды айтсам, қатты толқыдым, өйткені бұл туындыларда мен ең алдымен ішкі түйсігіме, сезіміме және тәжірибеме сүйендім. Әлемге сәл де болса әсемдік пен сұлулық сыйлағым келді. Бүгін осы еңбектерімді көрермен назарына үлкен толқыныспен ұсынамын», – деді Лейла Махат.

Барлық жұмыстар автордың бірегей техникасында орындалған. Мұнда нәзік графикалық сурет, майлы кескіндеме және майлы пастель үйлесім тапқан. Бұл тәсіл суретшіге дәл әрі мифологиялық сипаттағы әлем қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрбір деталь – жады, әйел күші, тектілік және өзін-өзі тану туралы үлкен әңгіменің бір бөлігі.

 

«Тек» – Ұлы даланы алыс өткен шақ ретінде қабылдау емес. Бұл – оны бүгінгі күнге әсер ететін, біздің тілімізді, бейнелерімізді және өзіміз туралы түсінігімізді қалыптастыратын тірі мәдениет ретінде тануға ұмтылыс.

Айта кетейік, автор «Kulanshi» заманауи өнер орталығы кураторлық кеңесінің төрайымы, профессор және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. Көрмеде шамамен 35 туынды ұсынылған.

Көрме 2026 жылғы 17 мамырға дейін жалғасады.