Басты бетҚазақстанның ғарыштық филателиясы

Қазақстанның ғарыштық филателиясы

Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы Қазақстанның ғарыштық филателиясы

12 сәуір – адамзат сана-сезімін мәңгілікке өзгертіп, жұлдыздарға жол ашқан ерекше күн. Қазақстан үшін де «ғарыш шежіресі» айрықша терең ұлттық сарынға ие. Бұл оқиғада аты аңызға айналған Байқоңырдың қуаты мен қазақ ғарышкерлері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтың даңқты ерліктері бір-бірімен тығыз байланысқан.

Қазақстанның 1991 жылы халықаралық пошта аренасына шығуы елімізге маркаларды мәдени диалогтың бірегей құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік берді. Пошталық миниатюралар арқылы еліміз әлемдегі алғашқы және ең ірі ғарыш алаңы – Байқоңырдың тарихи рөлін, ұлт мақтаныштары – ғарышкерлердің жетістіктерін, республиканың ғарышты халықаралық деңгейде игеруге белсенді қатысуы сияқты технологиялық жеңістерін әлемге паш етеді.

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейлік жинағында да ғарышкерлер, космонавтиканың көрнекті ғалымдары және ғарыштық зерттеулер тарихына арналған бірегей филателия топтамасы сақтаулы.

Адамзаттың жұлдыздарға сапары дәл осы қазақ жерінен басталғандығында ерекше нышандық мән бар. Күллі әлем үшін «ғарыш қақпасы» атанған «Байқоңыр» ғарыш айлағының арқасында ғарыш тақырыбы ұлттық пошта бағдарламасында басты орын алады. Байқоңырға арналған маркалар старттық кешендерді, зымыран тасығыштарды, сондай-ақ тарихи ұшыру сәттерін бейнелейді. Бұл шығарылымдар Қазақстанның әлемдік космонавтиканың негізгі орталығы ретіндегі рөлін айшықтай түседі.

Қазақстандық ғарышкерлер бейнеленген пошталық маркалар мен блоктар топтамада ерекше орын алады.

1994 жылдың 12 мамарында айналымға енгізілген «Қазақстанның тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров» пошталық блогы Тәуелсіз Қазақстан филателиясындағы «ғарыштық» тақырыпты дамытуға қосқан алғашқы маңызды үлес болды.

Ғарышты бағындыру тарихы Қазақстанда Тоқтар Әубәкіровтің есімімен тығыз байланысты, сондықтан да 1991 жылғы қазандағы аты аңызға айналған ғарыштық сапар көптеген филателиялық басылымдарда көрініс тапты. Алғаш рет егемен елдің мемлекеттік маркасында ұлт қаһарманы – Тоқтар Әубәкіровтің портреті пайда болды. Себебі бұл ғарыштық сапар, тек ғылыми жетістік емес, жас ұлттың биікке самғауының нышанына айналды. Коллекционерлер үшін қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы, авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының батыры, ҚР Халық Қаһарманы – Т. Әубәкіровтің жұлдызды аспан аясындағы бейнесі эталонға айналды. Осы сериядағы «кесілмеген» блок қазіргі таңда қазақстандық филателияның «інжу-маржаны» – әлемдік филателистер табуға құмарланған сирек кездесетін артефакт болып саналады.

Тоқтар Әубәкіровтің ізімен ғарышқа Талғат Мұсабаев аттанды. Оның көптеген ғарыштық миссиялары мен «Мир» орбиталды станциясындағы, ХҒС-ғы қызметі халықаралық ынтымақтастықты көрсететін маркалар сериясында көрініс тапты.

Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, ҚР Халық қаһарманы және РФ Батыры, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев – ғарышта (1994, 1998, 2001) бір жылға жуық уақыт өткізіп, қазақстандық мектептің жоғары кәсібилігін дәлелдеген рекордсмен.

ҚР ұшқыш-ғарышкері, әуе генерал-майоры, ҚР Халық Қаһарманы – Айдын Айымбетовтың (2015) ғарыштық сапары егемен Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын дамытудың заманауи кезеңін белгіледі.

Қазғарыштың 25 жылдығына орайластырылған 2018 жылғы шығарылым да ерекше назар аударуға лайық. Естелік блокта ұлт батырлары, үш қазақ ғарышкері: Т. Әубәкіров, Т. Мұсабаев, А. Айымбетов бейнеленген. Пошта миниатюрасындағы ұрпақтардың бұл сабақтастығы Қазақстанның «ғарыш айлағынан» толыққанды ғарыш державасына айналуының көрсеткіші іспеттес.

Бүгінде Байқоңырдың мұрасы мен осы батырлардың жеңістері еліміздің жеке жерсеріктік жүйелері мен цифрлық технологияларын дамытудың негізі болып табылады.

Қазақстанның халықаралық ғарыш бағдарламаларына белсенді түрде қатысуы да филателияда көрініс тапқан. Бұл маркаларда басқа елдермен бірлескен жобалар, соның ішінде халықаралық экипаждарды ұшыру және ғылыми миссиялар бейнеленген.

Қазақстанның ғарыштық филателиясы – бұл елдің ғарышты игеруге қосқан үлесін көрсететін бірегей құбылыс. Пошта маркаларынан біз ұлы жетістіктер, халықаралық ынтымақтастық және ұлттық мақтаныш тарихын көре аламыз. Филателияның осы бағытының арқасында Қазақстан әлем картасында ғана емес, ғарыш тарихында да маңызды орын алуда.

 

 

Жадыра  ӘУБӘКІРОВА

Музей құндылықтарын есепке алу және

сақтау қызметінің жетекші сарапшысы