2026 жылғы 4 наурызда Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында көрерменге жол тартқан «Ұрпақтың алтын жібі» атты фотокөрме-перформанста сән әлемі, тарих пен шығармашылық бір арнада тоғысты. Іс-шара өнер мен шабытты бағалайтын көрерменді жинап, мерекелік көңіл күйге, тарихи жады мен эстетикалық әсерге толы ерекше атмосфера қалыптастырып, еңбек адамының маңыздылығын, креативті индустрияларды дамыту мен жастардың қазіргі мәдени кеңістікті қалыптастырудағы өсіп келе жатқан рөлін айқындады.
Қазақстандық I’m Different брендінің негізін қалаушы Зарина Ақшолақовамен бірлесіп жүзеге асырылған бұл жоба елорданың мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Ол жеңіл өнеркәсіп тарихының заманауи сән арқылы жаңаша тыныс алып, жас буынды шығармашылық ізденіске жетелейтінін айқын көрсетті. Көрме өндірістік мұраны сақтау, сабақтастықты нығайту және жастардың кәсіби әрі шығармашылық қабілеттерін дамыту маңызын таныта отырып, өткен мен бүгіннің арасын жалғаған рухани көпір іспетті болды.
Экспозицияда белгілі фототілші Нұрмұхаммат Имамовтың 1960-1980 жылдардағы Целиноград қаласының күнделікті өмірі мен еңбек тынысын бейнелейтін 50-ден астам архивтік фотосуреті ұсынылды. Фотолар жаңа көркем пішінге еніп, маталарға, лекалдарға және тігін өндірісінің элементтері енгізілген тақырыптық инсталляцияларға орналастырылды. Ал «Ностальгия» аймағы ерекше әсер қалдырды: мұнда киім пішімдері, сән журналдары мен архивтік жарияланымдар қойылып, келушілер өткен дәуірдің рухын сезінуге мүмкіндік алды.
Көрмені 7 000-нан астам адам тамашалап, жоба аясында 30-дан астам тақырыптық экскурсия ұйымдастырылды. Оның ішінде қала тұрғындарына, кәсіби гидтерге, бейіндік жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушыларына және SHE Community секілді әйелдер қауымдастықтарының мүшелеріне арналған Зарина Ақшолақованың өзі жүргізген 8 авторлық экскурсия өтті.
14 наурыз күні көрме аясында «Швейник» өндірістік бірлестігінің еңбек сіңірген технологы Фариза Шадыжева музей қонақтарымен арнайы кездесу өткізіп, өзінің бірегей кәсіби тәжірибесі мен пайымдауыларымен бөлісті. Бұл кездесу жеңіл өнеркәсіп тарихын жандандырып, келушілерді өткен кезең атмосферасына терең бойлатты.
«Ұрпақтың алтын жібі» көрмесі тарихи мұраның заманауи мәдени кеңістікке табиғи түрде кіріге алатынын айқын көрсеткен жарқын үлгіге айналды. Сондай-ақ, өңірлік тарихты зерделеуге, музей ісін дамытуға және креативті индустриялардың өркендеуіне серпін беріп, өткеннің әрдайым сәнді, өзекті әрі шабыт сыйлай алатынын дәлелдеді.