Басты бетБақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы»

Бақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы»

Бақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы» Бақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы» Бақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы» Бақытжан Темірболат: «Адам капиталы – Қазақстанның басты байлығы»

ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Адам капиталы – мемлекет дамуының негізі» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Пікірталастың мақсаты – жастардың ел дамуына атқаратын рөлін талқылау, сондай-ақ жастарды белсенді азаматтық позицияға, кәсіби және жеке дамуға ынталандыру.

Іс-шараға елорда мен Алматы жоғары оқу орындарының шамамен 60 студенті қатысты.

«Біздің кездесуіміз елдің саяси дамуының ерекше кезеңінде өтуде. 15 наурызда қазақстандықтар Республикалық референдумда өз таңдауын жасап, жаңа Конституцияны қолдады, ал 17 наурызда Мемлекет басшысы Негізгі заңға және оны жүзеге асыру туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституцияның негізгі принциптерінің бірі – азаматтың, оның құқықтары мен мүдделерінің басымдылығы, сондықтан адам капиталы Қазақстанның басты байлығы болып жарияланды. Бүгінде білім, құзырет, инновациялық ойлау және белсенді азаматтық позиция – прогрестің негізгі қозғаушы күші. Бұл студенттік жастар үшін ерекше маңызды. Сіздер – болашақ мамандар, ғалымдар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер – мемлекетіміздің интеллектуалдық және кәсіби негізін қалыптастырасыздар. Сондықтан бүгін біз тек адам капиталы теориясын ғана емес, білім, қоғамға қызмет ету және кәсібиліктің өмірде қалай жүзеге асатынының нақты мысалдарын да талқылаймыз», – деді ҚР ПІБ Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.

Қазіргі таңда жастар – Қазақстан халқының ең көп санаты. Елде 14-тен 34 жасқа дейінгі шамамен 6 млн жас өмір сүреді, бұл жалпы халық санының 28%-ын құрайды.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов өз сөзінде адам капиталын дамытуды болашаққа инвестиция ретінде сипаттады: білімге, денсаулыққа, адамдардың бәсекеге қабілеттілігіне, өмір сапасына салынған инвестиция. Қазіргі уақытта мемлекет үшін азаматтарды қолдау ғана емес, олардың дамуына жағдай жасау маңызды. Сонымен бірге, еңбек нарығында негізгі рөлді тек мамандық дағдылары емес, жеке қасиеттер – табандылық, тәртіптілік, жаңа жағдайларға тез бейімделу және дұрыс шешім қабылдау қабілеті атқарады.

«Жастар үшін бір салаға шектеліп қалмай, әртүрлі бағытта даму, көзқарасты кеңейту, көп қырлы тәжірибе жинау маңызды. Дәл осы қасиеттер икемді ойлауға үйретіп, жылдам өзгеретін әлемде сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері (2016), Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы (2021, 2023) және Азия ойындарының жүлдегері, ҚР ҰОК спортшылар комиссиясының мүшесі Эльмира Сыздықова өз пікірін білдірді: «Ең бастысы – адам өз ісінен ләззат алуы керек. Өзіңді бір ғана мамандықпен шектемеу, әртүрлі бағытта даму маңызды. Менің ойымша, өзіңе салынған инвестиция – мықты қоғам мен мемлекет негізі. Спорттағы ұзақ жылғы тәжірибем маған бір нәрсені үйретті: қиындықтарға және сәтсіздіктерге қарамастан, мақсатқа адал болу маңызды. Егер сенде нақты мақсат бар болса және оған табанды түрде ұмтылсаң, міндетті түрде жетесің», – деді ол.

«Espresso Day» кофеханалар желісінің иесі Асылжан Қази кәсіпкерлік жолдағы қиындықтарды еңсеруге арналған практикалық кеңестерін бөлісті. Сондай-ақ, әрбір адамның жеке жауапкершілігі, өнімді еңбегі және ел өміріне белсенді қатысуы мықты әрі әділ Қазақстанның негізін қалыптастыратынын атап өтті.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар кәсіби және жеке дамуға қатысты практикалық ұсыныстар мен кейстер алды, табысты мансап пен жеке бренд құруға арналған кеңестерге ие болды, адам капиталын дамыту мәселелерін ашық форматта талқылап, сарапшылармен пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.

Мұндай пікірталастар жастардың белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға, олардың көзқарасын кеңейтуге және мемлекет, қоғам және жас ұрпақ арасындағы диалогты нығайтуға септігін тигізеді.