Наурыз – түркі және шығыс халықтарына ортақ, мыңдаған жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан көне әрі қастерлі мейрам. Бұл күн – табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің қайта түлеуі, жақсылық пен үміттің бастауы. Қазақ халқы үшін Наурыз тек күн мен түннің теңелуі ғана емес, елдің бірлігі мен берекесін, жасампаз рухын айқындайтын мейрам.
Наурыз мейрамы – жасампаздық пен жаңару идеяларын бойына терең сіңірген ұлы мереке. Бұл күні адамдар өкпе-ренішті ұмытып, татулық пен мейірімге бет бұрады, айналаны тазалап, үй-жайын ретке келтіреді, ағаш отырғызып, жаңа бастамаларға жол ашады. Осындай игі істер арқылы Наурыз қоғамды рухани тұрғыда байытып, ортақ құндылықтарды нығайтады.
1991 жылы 15 наурызда Наурыз мейрамы ресми түрде қайта жаңғыртылды. Бұл шешім біздің ата дәстүрлеріміз бен рухани құндылықтарымызды жандандырудағы маңызды қадам болды. Ал арада бірнеше ай өткен соң Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, Наурыз мейрамы егемен елдің басты ұлттық мерекелерінің біріне айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ел бірлігін – Қазақстанды барлық сынақтардан алып өткен басты құндылық ретінде айқындайды. Президенттің айтуынша, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Тұрақтылық пен береке-бірлікті сақтау үшін халықты біріктіретін ортақ құндылықтарды, соның ішінде Наурыз мейрамы сияқты ұлттық мерекелердің мазмұнын байытып, оларды қоғамды ұйыстыратын рухани тірекке айналдыру керек.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шарада сөйлеген сөзінде Президент Әз-Наурызды жаңару мен жаңғырудың нышаны ретінде атап өтті. Бабаларымыз ежелден Ұлыс күнін жыл басы ретінде тойлаған, бүгіндері бұл мереке ұлты мен дініне бөлмей барша халыққа ортақ ұлттық мейрамға айналып отырғанын айтты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде дана халқымыздың «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөзін келтіріп, Жаңа жылды ізгі ниетпен және игі істермен бастау – ата дәстүріміз екенін айтты. Бұл күні жұртшылық ақ дастарқан жайып, ақжарма тілектерін арнап, бұлақтың көзін ашып, тал егіп, тазалыққа мән беретінін атап өтті.
Президент бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі дей келе, жанашырлық пен тілеулестік секілді асыл қасиеттерді дәріптеудің маңызын ерекше айтты. Ел бірлігі мен татулығы берік болса, мемлекетіміздің тұғыры да мәңгі болатынына сенім білдірді, барша жұртты ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге шақырды. Наурыз – тек көктемнің келуі емес, бұл – елдің еңсесін көтеретін, рухын жаңғыртатын, татулық пен берекені нығайтатын ерекше кезең. Сондықтан әр азамат ел дамуына өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысының ашылуында барша қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтап, бұл күн Әз-Наурыздың басталуымен қатар келгенін атап өтті. Құрылтайдың қастерлі мейраммен тұспа-тұс келуін жақсылықтың нышанына балады.
Президент ұлттық мерекелеріміз халықты игі амалдарға үндеп, асыл қасиеттерімізді дәріптейтін болғандықтан, қоғамда жалпыұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу керектігін тапсырды. Оның айтуынша, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, одан әрі нығайту үшін төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны ерекше. Сондықтан, Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін он күн бойы – әр күнді нақты бір құндылықты насихаттауға арналған Наурызнама аясында атап өтудің жаңа тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті. Бұл бастама ел бірлігін нығайтудағы және азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңызды қадам болып табылады.
Наурыз – тек бір күндік мереке емес, ол ізгі амалдар мен игі бастамаларға толы кең ауқымды мерекелік кезеңге айналып отыр. Қайырымдылық жасау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, қоршаған ортаны қорғау – Наурыздың басты мазмұнына айналған құндылықтар. Бұл – ел дамуына, қоғамның рухани жаңаруына қызмет ететін нақты қадамдар.
Наурыз – өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты жалғаған, халықты жасампаздыққа жетелейтін ұлы мейрам. Ол әрбір қазақстандықты ел болашағына жауапкершілікпен қарап, бірлік пен ынтымақ жолында еңбек етуге шақырады. Наурыз – жаңару мен жаңғыру жолындағы ортақ мақсаттарымыздың айқын көрінісі.
Арайлым Жүнісова
ҚР Президенттік орталығы
Архив жұмысы қызметінің
жетекші сарапшысы