Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейінде «Professional Walk & Talk: музейлік экскурсия тәжірибесіндегі әдістемелік тәсілдер» тақырыбында кәсіби сессия өтті. Іс-шара елорда мен өңірлердегі экскурсоводтарды, әдіскерлерді және мәдениет мекемелерінің мамандарын тәжірибе алмасу және музейлік экскурсияларды әзірлеу мен өткізудің заманауи тәсілдерін талқылау мақсатында біріктірді.
Іс-шара барысында Экскурсия жұмысы қызметі Президенттік орталықтың экскурсиялық бағдарламаларын таныстырды. Олардың ішінде аудиториямен интерактивті өзара іс-қимыл форматтарын және экскурсовод пен IT-маманның тандемдік жүргізу моделін көрсететін «Музейдегі технологиялар: ішкі айнасы» кәсіптік бағдар беру экскурсиясы; жасөспірімдер мен жастар аудиториясын тартуға бағытталған рөлдік және интерактивті тәсілдерге негізделген «Ұлықтау – ғасырлық дәстүр сабақтастығы» экскурсиясы; тарихи материалды эмоциялық тұрғыда ұсыну арқылы әдеби-деректік форматтың мүмкіндіктерін ашатын «Ғасыр айнасы: Қазақстанның 100 жылдық тарихы» әдеби экскурсиясы; ғарыш дәуірі қаһармандарының жеке оқиғаларын, мультимедиялық шешімдерді және шынайы ғарыш тағамын қоса көрсететін «Байқоңыр – ғарыш темірқазығы» тақырыптық экскурсиясы; ойын тәсілдері мен командалық тапсырмаларға құрылған «Қазақ елінің астаналары» квест-экскурсиясы; сараптамалық дискурсты кең аудиторияға бейімдеп, музейді қоғамдық диалог алаңы ретінде қарастыратын «Қазақстанның климаттық күн тәртібі» экскурсиясы; сондай-ақ «Жануарлардың ғажайып әлемі» экспозициясы бойынша балаларға арналған ойын және визуалды әдістер қолданылатын экскурсиялар бар.
Сессияның пікірталас бөлігінде музейлік экскурсия тәжірибесінің негізгі трендтері – интерактивтілік, персонализация, цифрлық құралдар, пәнаралық ықпалдастық және иммерсивті технологиялар жан-жақты талқыланды. Жұмыс қорытындысы бойынша түрлі бейіндегі музейлерге бейімдеуге болатын әдістемелік шешімдер банкі құрылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Бәйтерек» монументі, Сәкен Сейфуллин музейі, АЛЖИР музей-мемориалдық кешені, Бурабай мультимедиялық интерактивті кешені, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мекемелерінің экскурсоводтары мен әдіскерлері және Астана қаласы әкімдігінің Біріккен музейлер дирекциясының өкілдері қатысты.
Сессия елордалық музейлердегі экскурсия жүргізушілердің тұрақты кәсіби қауымдастығын қалыптастыру жолындағы маңызды практикалық қадам болып отыр. Бұл шара музей ісіне инновациялық тәсілдерді енгізу және тәжірибе алмасу бағытындағы кәсіби платформа ретінде Президенттік орталықтың рөлін айқындай түсті.