ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» атты республикалық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Көрме ҚР Президенттік орталығы мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры Ақан Оңғарұлы, сондай-ақ Германия археология институтының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев сөз сөйледі.
Көрмеде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының соңғы жылдардағы ғылыми зерттеу нәтижелерімен қатар, еліміздің жетекші музейлері мен ғылыми ұйымдарының қорларынан алынған бірегей археологиялық жәдігерлер ұсынылды. Атап айтқанда, экспозицияға Атырау, Қызылорда, Ақмола және Ұлытау облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының, сондай-ақ Түркістан қаласы әкімдігінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының» қорларында сақталған сирек жәдігерлер енгізілді.
Көрме аясында Қазақстан аумағындағы тарихи кезеңдер жүйелі түрде ұсынылған. Экспозиция тас дәуіріндегі антропогенез және ежелгі адамдардың қоныстану үдерістерінен бастап, қола дәуіріндегі тау-кен ісінің қалыптасуы, сақ дәуіріндегі көшпелі қоғамдардың дамуы, сондай-ақ ортағасырлық қалалар мен урбанистік мәдениеттің эволюциясына дейінгі соңғы ғылыми нәтижелерді қамтиды.
Көрмеде 2025 жылғы далалық зерттеулердің қорытындылары, халықаралық бірлескен жобалар аясында алынған деректер, беделді шетелдік ғылыми журналдарда жарияланған еңбектер, сондай-ақ бұған дейін көпшілік назарына ұсынылмаған құнды археологиялық олжалар алғаш рет көрсетілді. Атап айтқанда:
Тайсойған құмдарының жұмбағы (Атырау облысы).
Б.з.д. V мыңжылдыққа жататын энеолит дәуірінің Хвалын мәдениетінің жәдігерлері алғаш рет ұсынылды. Олардың қатарында жылтыратылған тас білезіктер мен сирек кездесетін теңіз қабыршақтарынан жасалған алқа-моншақтар бар.
«Сармат мұрасы» (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы).
Қарабау және Қарақұдық қорғандарынан табылған, осыдан шамамен 2 500 жыл бұрын өмір сүрген көшпелі тайпалардың қолданбалы өнерін айғақтайтын бірегей бұйымдар. Бұл жәдігерлер сармат тайпаларының жоғары мәдениеті мен қолөнер деңгейін көрсетеді.
Сарыарқада табылған бірегей жаңалықтар. Еуразия кеңістігіндегі ең ежелгі дөңгелекті арбалы жерлеулер мен ауыр найза ұштары аймақта әскери технологиялардың ерте кезеңде-ақ дамығанын дәлелдейді. Бұл кешен ежелгі металлургия мен әскери өнердің Сарыарқа даласында жоғары деңгейде болғанын ғылыми тұрғыдан негіздейді.
Қаңлы дәуірінің сирек бұйымдары. Түркістан облысындағы Күлтөбе қалашығы мен Мыңтөбе қорымынан табылған қошқар пратомалары мен зооморфты тұтқалы құмыралар қаңлы кезеңінің өзіндік мәдениетін айқын бейнелейді. Мұндай бірегей олжалар ежелгі халықтың тұрмысы мен діни наным-сенімдерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар көрмеде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының соңғы ғылыми зерттеулері негізінде жарық көрген монографиялар мен ғылыми мақалалар ұсынылған. Жалпы саны 23 кітап пен 300-ге жуық экспонат қойылған.
«Қазақстан археологиясындағы жаңа ашылымдар – 2025» көрмесі – өткенді терең зерделеу арқылы бүгінгі болмысты ұғынып, болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік беретін ашық ғылыми-мәдени алаң. Экспозиция археологияны өткеннің сипаттамасы ретінде ғана емес, заманауи технологиялар мен пәнаралық зерттеулер тоғысқан серпінді ғылым саласы ретінде таныстырады. Бұл шара ортақ тарихи-мәдени мұрамызды ұлықтап, ұлттық таным мен ғылыми жетістіктер арасындағы алтын көпірге айналмақ.
Көрме аясында келушілерге тақырыптық бейнероликтер мен мультимедиялық ақпараттық контент ұсынылады. Арнайы дайындалған деректі және анимациялық материалдар 2025 жылғы далалық зерттеулердің барысын, қазба жұмыстарының кезеңдерін, 3D реконструкциялар мен ғылыми талдау үдерістерін көрнекі форматта таныстырады. Интерактивті экрандар арқылы археологиялық нысандардың цифрлық модельдері, қазба стратиграфиясы, зертханалық зерттеулер нәтижелері және халықаралық жобалардың қорытындылары көрсетіледі.
Көрме 2026 жылғы 4 наурызға дейін жалғасады. Кіру – тегін.