Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының сирек кітаптар қоры шежірелі тарихымыздан сыр шертетін әдебиеттерге бай. Назарларыңызға Қазақстан тарихы туралы деректерге толы құнды әрі сирек кітаптарды ұсынамыз.
- История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней.
«История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» атты кітап – КСРО жағдайында жүзеге асырылған қазақ халқының академиялық тарихын баяндаудың алғашқы тәжірибесі болып табылады. Басылым Сталиндік сыйлыққа ұсынылғанымен, кейін идеологиялық сәйкессіздік себепті қатаң сынға ұшырады. Жарық көргеннен кейін кітаптың даналары кітапханалардан алынып, жойылған. Еңбек Ұлы Отан соғысында бетбұрыс кезеңі басталған уақытта жарық көріп, 1943 жылғы 25 мамырда баспаға қол қоюға берілген.
Аталған басылымның идеологиялық ұстанымы интернационализм үрдістерін, Ресей империясы кезеңінде езгіге ұшырап, дербестікке ұмтылған халықтарға жанашырлықты көрсетті. Кітапта қазіргі қазақтардың этногенезі әртүрлі халықтардың – сақтар, аландар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, соғдылар, қыпшақтар, моңғолдар және басқалардың – күрделі өзара ықпалдастығы барысында қалыптасқаны көрсетілген. Әртүрлі кезеңдерде билікке әртүрлі этникалық одақтар келіп, үстемдік еткен. Сондай-ақ шығыс славяндарымен қарым-қатынастың көне дәстүрлері, түп-тамыры Киев Русі дәуіріне дейін баратын байланыстар баяндалған.
- Материалы по истории Казахской ССР (1785–1828 гг.). Том ІV
Бұл жинақ XVIII ғасырдың 80-жылдарынан XIX ғасырдың 20-жылдарына дейінгі кезеңді, негізінен Кіші жүз тарихын қамтиды. Аталған кезең Кіші жүздегі шаруашылықтың құлдырауымен және саяси күрестің күшеюімен ерекшеленеді.
Басылымда батыр Сырым Датұлы бастаған қозғалыс, барон О. А. Игельстромның реформалары, Кіші жүздегі отарлық-феодалдық езгі, шаруашылық дағдарысы, сондай-ақ Бөкей Ордасындағы жер мәселесі мен Кіші жүзді мемлекеттік тұрғыдан біріктіру әрекеттері туралы құнды құжаттар топтастырылған.
Бұл еңбек – XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайын терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды тарихи дереккөз.
- Двадцать лет Казахстана [альбом фотографий]
Бұл – Қазақстанның КСРО құрамындағы тарихының бастапқы кезеңіндегі жетістіктерге арналған алғашқы ірі форматты альбомдардың бірі. Басылымның таралымы небәрі 4100 дана болып, құнды әрі мәртебелі сыйлық ретінде бірден таралып кеткен. Альбомның айрықша құндылығы – мол фактологиялық және архивтік материалдың фотосуреттермен толықтырылуында болды.
Кітапта 1920-1940 жылдар аралығындағы Қазақстанның шаруашылығы, экономикасы, мәдениеті, білім беру жүйесі мен қоғамдық өмірінің өзге де салаларының дамуы баяндалады.
Алматының құрылысы, Қарағандының абаттандырылуы, мұнай өнеркәсібінің ауқымы, химия, мыс және көмір өнеркәсіптерінің дамуы, тамақ өндірісі, аяқ киім мен тігін фабрикалары, колхоздар мен совхоздар, сондай-ақ су үшін халықтық қозғалыс — тақырыптық фотосуреттер республика мен оның әлеуеті туралы тұтас түсінік береді. Әрбір фотосуретте Қазақстанды көркейтуге үлес қосқан металлургтер, құрылысшылар, шахтерлер, балықшылар, орманшылар, мақта жинаушылар, сауыншылар, малшылар, мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен өнер қайраткерлері бейнеленген.
Мерейтойлық альбом Қазақстанның соғысқа дейінгі кезеңдегі өмірін, жетістіктерін және КСРО құрамындағы айрықша орнын жан-жақты көрсетеді.
Сирек қордағы бұл басылымдар – халқымыздың тарихи жадын сақтайтын баға жетпес мұра. Олар өткенімізді зерделеп қана қоймай, болашақ ұрпаққа тағылым беретін рухани қазына болып табылады.
Мадина ТАЙТӨЛЕУОВА
Кітапхана жұмысы қызметінің аға сарапшысы