ҚР Президенттік орталығының ғылыми-білім беру бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 30 қаңтарында Қосшы қаласындағы № 4 жалпы білім беретін мектепте «Ұлттық құндылықтар ұлағаты» тақырыбында көшпелі сабақ өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың ұлттық құндылықтардың маңызын, олардың қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлін терең түсінуіне ықпал ету, сондай-ақ ұлттық мұраны сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын ұғындыру болды.
Сабақ барысында төмендегі тақырыптар қамтылды:
– ұлттық құндылықтардың мәні мен маңызы, олардың тұлғаның рухани дамуының, азаматтық бірегейлікті нығайтудың және ұлттық сананы қалыптастырудың негізі ретіндегі рөлі;
– қазақстандық қоғамның бірегейлігін айқындайтын ұлттық құндылықтардың түрлері: мәдени, тарихи, рухани, тілдік және адамгершілік құндылықтар;
– ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолдары, бұл ретте отбасының, мектептің, мемлекеттік институттардың және қоғамдық бастамалардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі.
Сабақ еркін пікір алмасу форматында өтті. Оқушылар талқылауға белсенді қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, сұрақтар қойды.
Іс-шара соңында қорытынды жасалып, Қазақстан халқының тарихына, мәдениетіне және салт-дәстүрлеріне құрметпен қараудың маңыздылығы атап өтілді.