Басты бетЕлордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды

Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды

Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды Елордада «Қала ырғағы» атты жеке көрме ашылды

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығында белгілі кескіндемеші, график, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Жеңіс Кәкенұлының «Қала ырғағы» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Жеңіс Кәкенұлы 1965 жылы 9 мамырда Алматы облысы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан суретті жақсы көрді. 1989 жылы Қазақ педагогика институтының көркем-графика факультетін аяқтады. 

«Ақжелкен», «Зерде», «Мәдениет», «Тура Би» журналдарында суретші және көркем редактор болып еңбек етті. «Фолиант» кітап баспасында суретші қызметін атқарып, сондай-ақ көркем сыншы, кітап иллюстраторы, түрлі эмблемалардың авторы болды. Атап айтқанда, «Фолиант», «Елорда», «Аударма» баспалық үйлерінде жарық көрген қырықтан астам кітаптың көркемдік безендірілуін Жеңіс Кәкенұлы жүзеге асырды.

Жеңіс Кәкенұлы әртүрлі бағыттарда еңбек етеді: кескіндеме, графика, компьюарт. Суретшінің туындыларында жыл мезгілдері, елорданың сол жағалауындағы «Меруертті мекен», «Солтүстік шұғыласы», «Қазақстан Темір Жолы» кешені, «Астана салтанаты» тұрғын үйі, «Транспорт тауэр» ғимаратының силуэті, «Салтанат сарайының» күмбездері , сондай-ақ бірқатар әкімшілік нысандар бейнеленген. Оның картиналарында Астана тек реалистік тұрғыда ғана емес, қазақ халқының ұлттық қолданбалы өнеріне тән бояулармен көркемделіп көрсетіледі. Көрмеде автордың барлығы 50 туындысы ұсынылған.

«Бұл көрме – қазіргі заманғы қала туралы жай ғана көркем әңгіме емес. Бұл – оның тынысын сезінуге, қозғалысын аңғаруға, адам өмір сүретін кеңістіктің ішкі ырғағын ұғынуға жасалған талпыныс. Суретшінің еңбектерінде қала ғимараттар мен көшелер жиынтығы ретінде емес, мағынаға, эмоцияға және уақытқа толы тірі ағза ретінде көрінеді. Көрме көрерменді зер салып қарауға, сезінуге шақырады: әр қаланың өз мінезі, өз қарқыны, өз жады бар», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Автордың айтуынша, оның шығармашылығы үйлесімге, тірі поэтикалық бейне мен түстің ғажайып әуезі арқылы берілетін нәзік эмоционалдық күйдің өзара тоғысуына ұмтылысқа негізделген.

«Ұсынылған сериядағы әрбір картина жеке дара болғанымен, барлығы бірігіп, біртұтас рухани-мазмұндық орта құрайды», – деді Ж. Кәкенұлы.

Айта кету керек, суретшінің қала пейзаждары бейнеленген туындылары бұған дейін Семей қаласындағы «Невзоровтар» музейінде, сондай-ақ Нью-Йорк қаласында көрмеге қойылып, көрермендердің оң бағасына ие болған. Оның шығармалары Қазақстан, Ресей, Молдова, Түркия және АҚШ-тағы жеке коллекцияларда сақтаулы.

«Қала ырғағы» көрмесі 2026 жылғы 23 ақпанға дейін жалғасады.

Мекенжайы: Астана қаласы, А. Бөкейхан көшесі, 1а (ҚР Президенттік орталығы).