Басты бетҚазақтың батыр ұлы – Бауыржан

Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан

Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан

Биыл Кеңес Одағының батыры, халық қаhарманы, даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы Мыңбұлақ (қазіргі Көлбастау) ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Алматыда жаңадан жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясы 1073-ші атқыштар полкінің батальон командирі болып тағайындалып, дивизия құрамымен майданға аттанады.

Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Б. Момышұлының әскери-қолбасшылық ерліктері айырықша көзге түсті. Бауыржан батальонның соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды да шебер басқара білді.  Мәскеуге ұмтылған неміс әскерінің екпінін баяулатып, қатты шығынға ұшыратты. Сонымен бірге, жан-жақта қоршауда қалып қойған бөлімшелердің басын біріктіріп, алдыңғы шепке қайта әкеліп қосты. Бауыржанның бұл тапқырлығы «Қоршаудағы ұрыс», «Қоршаудан құтылып шығу» тактикалық ілім ретінде, соғыс кезінде жаппай тәжірибеге айналды. Момышұлы қанды шайқастарда түрлі айла-тәсілдерді ұйымдастыра білетін: жаудың қоршауында жүріп, жауынгерлерді аман сақтай отырып соғысу, қоршауды бұзып шығу, тағы да басқа айла-тәсілдерді меңгерген шебер қолбасшы болды. Даңқты қолбасшы солдаттардың мінез-құлықтарын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерліктерін бағалай отырып, оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырды.

Бауыржанның қан майдандағы ерліктері баяндалған бірнеше кітап жарық көрді. Солардың ішінен бір ғана эпизодты келтіре отырып, Бауыржан есімі даңқты батырлар қатарынан лайықты орын алатынына көз жеткіземіз.

1941 жылдың 26-30 қараша күндері генерал-майор И. Панфилов 19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі, гвардия капитан Б. Момышұлына дивизия бөлімдерінің жаңа шепке жылжып орналасуы үшін, Мәскеу облысы Соколово деревнясының маңында өз батальонымен неміс әскерінің шабуылын 4 күн тежеп, ұстап тұруға тапсырма береді. Батальон өзінен он есе көп жау тобына қарсы шайқасып, жау әскеріне ілгері жылжуға мүмкіндік бермеді. Тапсырманы сәтті орындап, немістердің мыңдаған адамын жойып, 5-ші күні орман ішімен жүріп, өз дивизиясына қосылу әрекетін жасайды. Ол оңайға түспейді. Айнала қоршаған жау әскері. Осы кезде Б. Момышұлы мынадай қулық амалға көшеді. Жолмен жүріп бара жатқан жау колоннасының арасына түнде байқатпай кіріп, батальонына немісше бұйрық беріп, бір қолайлы қалқа жерге келгеннен кейін жолдан шығып кетеді. Сөйтіп, аман-есен өз дивизиясына келіп қосылады. Жау қоршауын қайта-қайта бұзып өтіп, дивизияға қосылу үлгісі тек Бауыржанның ғана қолынан келетін тәсіл еді.

Жалпы, Мәскеу түбіндегі ұрыста Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизияға қосылып отырған. Бауыржанның айтуынша «нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған».

Қазақ халқының біртуар ұлы Бауыржан Ұлы Отан соғысындағы асқан ерліктері үшін: 1942 жылдың 6 маусымында «Қызыл Жұлдыз» орденімен; 1944 жылы 6 маусымда «Москваны қорғағаны үшін» медалімен; 1945 жылы шілдеде 1 дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен 2 рет марапатталды.

Ал Кеңес Одағының Батыры атағы оған қайтыс болғаннан кейін, 1990 жылдың 11 желтоқсанында берілді. Аталған награданы сол кездегі Қазақ ССР-нің  Президенті батырдың ұлы Бақытжан Бауыржанұлына табыстаған болатын. Салтанатты рәсімнің фотосуреті Президенттік орталықтың архив қорында сақталған. 2008 жылы Елордамыз Астана қаласындағы батырдың есімімен аталатын даңғылда Б. Момышұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Архив құжаттары арасынан аталған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінің фотосуретін  кездестіреміз. Ескерткіш,  батырдың туған жері — Жамбыл облысының Елорда күніне тартқан сыйы болатын. Ал бейнеқұжаттар қорында Бауыржан Момышұлының сұхбаты берілген «Тағдыр және тағылымды тарих» деп аталатын Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені 2020 жылы жарыққа шығарған деректі фильмі сақталған.

Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде бары үшін тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың әруағының алдында қашанда қарыздармыз. Қазақтың батыр ұлы – Бауыржан ерлігі елге мұра. Халық қаһарман, даңқты қолбасшының  ерлігін естен шығармай, елдің бойтұмарындай келешек ұрпаққа өнеге етіп,  таудай тұғырлы тұлғасына тағзым ету қашанда біздің парызымыз.

 

Гүлнәр Әбдібекова

Архив жұмысы қызметінің

 жетекші сарапшысы