9–16 желтоқсан күндері аралығында ҚР ПІБ Президенттік орталығында Тәуелсіздік күніне орай мазмұны терең, тағылымы мол тақырыптық экскурсиялар топтамасы ұйымдастырылды. Тақырыптық экскурсиялар арқылы келушілер ұлттық тарихтың терең қатпарларына бойлап, елдік мұраны тануға мүмкіндік алды. Бұл шаралар азаматтық бірегейлікті нығайтып, тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ көпшілік қауымның, әсіресе жастардың танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Экономикалық лицейдің оқушылары мен Экономика-заң колледжінің студенттері үшін өткізілген «Тәуелсіздік таңындағы тарландар» және «Титаны зари независимости» атты тақырыптық экскурсияларда тәуелсіздіктің таңы атқан қилы кезеңде ел тағдырына жауапкершілікпен қараған Ө. Жәнібеков, О. Сүлейменов, С. Зиманов, М. Қозыбаев, Е. Асанбаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ұлт тарихында қалдырған өшпес еңбектері жайлы баяндалды. Сол бір жауапты дәуірде халық мүддесін биік қоя білген тұлғалардың тағылымды жолын танытуға, олардың қоғамдық-саяси, ғылыми және рухани қызметі арқылы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихын тереңнен ұғындыру тақырыптық экскурсияның басты мақсаты болды. Экскурсия барысында қатысушылар елдік пен еркіндік идеясының қалай орныққанын сезініп, тарихи санасын шыңдайды, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік рухын бойына сіңіреді. Ұлттың рухани тұтастығын айқындайтын ұлттық бірегейлікті дәріптеу – осы танымдық сапардың басты мұратына айналды.
«Қадыр» балабақшасының тәрбиеленушілері үшін мазмұны жеңіл әрі тағылымы терең «Менің мақтанышым – мемлекеттік рәміздер» және «Жануарлардың ғажайып әлемі» атты арнайы экскурсиялар өткізілді. Бүлдіршіндерге арналған бұл танымдық сапарлар олардың жас ерекшеліктеріне сай бейімделіп, туған елдің қасиетті рәміздерімен алғашқы таныстықты қалыптастыруға, табиғатқа деген аялы көзқарасты бойға сіңіруге және әлемді тануға деген қызығушылықты ерте жастан оятуға бағытталды.
Президенттік орталықтың музейінің табалдырығын аттаған әрбір келуші үшін белгілі қазақ суретші-зергері Берік Әлібайдың шығармашылығына арналған «Желісі үзілмеген жалғастық» көрмесі бойынша тақырыптық экскурсиялар өз жалғасын табуда. Бұл көрмеде ұлттық көркемдік дәстүрдің үзілмес желісі мен заманауи көркем ойдың үндестігі айқын көрініс тауып, шебердің қайталанбас авторлық қолтаңбасы арқылы ұлттық мәдени кодтардың терең мәні ашылады.
Жалпы алғанда, аталған тақырыптық экскурсиялар топтамасы Президенттік орталықтың тарихи сауаттылықты арттыруға, мәдени танымды кеңейтуге және әртүрлі аудитория арасында отансүйгіштік пен рухани құндылықтарды нығайтуға қосқан салмақты үлесі ретінде айрықша маңызға ие.