Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – еңбек адамының қоғамдағы рөлін айқындайтын маңызды шешім.
Мен, Орынбаев Жеңіс Әбілдабекұлы, Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында механик болып қызмет етемін. Жұмысшы мамандығы бойынша 35 жылдық еңбек өтілім бар. Негізгі қызметіммен қатар шағын автобус жүргізушісі міндетін де атқарамын.
Бұл мамандық жоғары жауапкершілікті, мұқияттылықты, төзімділікті және төтенше жағдайларда жедел әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Менің міндетім – көлік құралын басқару ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жол қозғалысына қатысушы барлық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бақылап, қауіпсіз арақашықтықты ұстануға әрдайым мән беремін.
Күн сайын рөлге отырғанда жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше жауапкершілікпен қараймын. Әрбір сапардың қауіпсіз өтуі – мен үшін басты қағида.
Жұмысшы мамандық иелері – күнделікті еңбегімен ел дамуына нақты үлес қосып жүрген жандар. Осындай бастамалар арқылы жастарды адал еңбекке, жауапкершілікке және өз кәсібін құрметтеуге тәрбиелеу маңызды деп санаймын. Еңбек адамына көрсетілген құрмет – қоғамның тұрақты дамуының кепілі.
Мен өз мамандығымды шын жүректен жақсы көремін және сенімді, қауіпсіз әрі жайлы тасымалдауды қамтамасыз етуге үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын.
Жеңіс Орынбаев
Жоспарлау және бухгалтерлік есеп
қызметінің механигі