ҚР ПІБ Президенттік орталығында танымал қазақстандық зергер, суретші, реставратор, коллекционер Берік Әлібайдың «Желісі үзілмеген жалғастық» атты көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Көрме Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық зергерлік өнерге деген қызығушылық пен құрметті арттыру, сондай-ақ оның қоғамдағы жоғары құндылығы мен маңызын көрсету. Негізгі бағыттардың бірі – зергер мамандығының беделін көтеру және мәдени дәстүрлерді сақтаудағы шеберлердің рөлін айқындау.
«Зергер, суретші, реставратор, коллекционер Берік Әлібайдың есімі елімізде ғана емес, шет елдерде де кеңінен танымал. Ол – халық шығармашылығының республикалық және халықаралық көрмелеріне белсене қатысып, Қазақстанның зергерлік өнерін лайықты деңгейде танытып жүрген шебер. Соның бір айғағы ретінде жуырда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына, Вашингтон қаласына жасаған ресми сапары аясында өткен ірі мәдени шараға қатысуын атап өтуге болады. Қазақстанның зергерлік өнері – халқымыздың мәдени қазынасынан ерекше орын алатын құндылық. Бұл – ғасырлар бойы сабақтастығын, шеберлік пен бірегей көркемдік дәстүрін үзбей сақтап келе жатқан өнер түрі. Ежелгі сақтар мен түркілер дәуірінен бастап бүгінгі заманғы шеберлерге дейін зергерлік өнер өз дамуын тоқтатпай, халқымыздың бай тарихының, нәзік эстетикалық талғамының және рухани мұрасының айғағы болып келеді», – деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Көрменің негізін Б.Әлібайдың қолынан шыққан әшекейлер, киім элементтері, тұрмыстық бұйымдар, көркем туындылар, сондай-ақ автордың бірнеше ондаған жылдар бойы жинаған зергерлік бұйымдарының бірегей үлгілері құрайды. Автор ұлттық зергерлік өнерді сақтауға өмірін арнап, оның дамуы мен насихатталуына айрықша үлес қосып келеді. Бұл көрме қазақ зергерлік өнерінің қайнар көзін, мәдени және рухани маңызын терең ашуға бағытталған шығармашылық кеңістік болып табылады.
«Бұл көрмемді мен Тәуелсіздік күніне арнап отырмын. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі, ең ұлы құндылығымыз. Осы егемен елдің азаматы ретінде мен өз шығармашылығым арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеп, оны келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етемін. Қазақ зергерлік өнері – ұлт рухының, эстетикалық талғамының, тарих пен дәстүрдің айнасы. Әрбір бұйымда халқымыздың өмірге, сұлулыққа, тазаруға деген көзқарасы мен сенімі көрініс табады. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болсын. Әрқайсымыз өз еңбегімізбен Отанымыздың дамуына үлес қосып, мәдениетіміздің биіктей түсуіне қызмет етейік», – деді көрме авторы Берік Әлібай.
Көрме экспозициясында 250-ден астам күмістен жасалған әшекей бұйымдар ұсынылған. Олар ою-өрнектің символикасын, мағыналық мазмұнын, киелі және эстетикалық ерекшеліктерін баяндайды.
Әрбір экспонат халық тарихын бейнелейді және ұрпақтар сабақтастығының айғағы болып табылады. Қазақтың дәстүрлі күміс әшекейлері – тек сәндік бұйым емес, сонымен қатар халқымыздың дүниетанымы мен өмір салтының көрінісі, ұлт жадында сақталған киелі мұра.
Берік Сәтінбекұлы Әлібай 1964 жылы Жамбыл облысы Меркі ауданы Қызылсай ауылында дүниеге келген. Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. 1992 жылдан бастап Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі, 2006 жылдан – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі. 2007 жылы «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды, 2009 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2013 жылы әлемдік мәдени мұраны дамытуға қосқан үлесі үшін Карл Фаберже халықаралық орденімен марапатталды. Сондай-ақ, ол «Құрмет» орденінің иегері.
Экспозиция арқылы көрермен күмістің ерекше күші мен тазалығын, сондай-ақ оның ұлттық мәдениеттегі маңызды орнын сезіне алады. Автордың зергерлік бұйымдары мен көркем туындылары дәстүрлі қазақ нақыштары мен заманауи дизайнерлік шешімдердің үйлесімін тапқан бірегей стилімен ерекшеленеді.
Б. Әлібай – республикалық және халықаралық көрмелердің белсенді қатысушысы. Суретшінің еңбектері Қытай, Жапония, Иран, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Германия, Англия, Испания, Оман сұлтандығы, Иордания, ТМД елдері және басқа да мемлекеттердің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы.