Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет... тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деп атап өткен болатын.
Ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп тарату, ата-анамен ынтымақтаса жұмыс жасау – біздің басты міндетіміз. Президенттік орталықтың жылдар бойы қалыптасқан білім-ағартушылық қызметінде «балабақша-мектеп-колледж-ЖОО» жүйесі бойынша өскелең ұрпақтың бойында тарихи білімді қалыптастыру, мәдени мұрамызға құрметпен қарау, ұлттық құндылықтарды сіңіру және өз Отанына деген құрмет сезіміне тәрбиелеуге басымдық беріледі. Оның ішінде мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасауды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін «Атамекен» ғылыми-білім беру жобасымен қамтыған.
«Атамекен» сөзі барлық түркі тілінен аударғанда «Ата-баба жері» деген мағынаны білдіреді. «Атамекен» жобасының негізгі идеясы кіші мектеп жасындағы балаларды туған өлкесінің мәдениетіне баулу, тарихы мен мәдениеті туралы жүйелі білім қалыптастыру, кіші отанына сүйіспеншілікті мектепте ғана емес отбасында да мақтаныш сезіміне тәрбиелеу. Бұл жұмыс кіші мектеп жасындағы оқушылардың әрі қарай дамуы үшін негіз болып табылады. Патриотизмге тәрбиелеу үшін оқушылардың өз еліне, халқына, туған өлкесіне, оның мәдениетіне, тарихы мен мұрасына қызығушылығын дамыту қажет.
«Атамекен» жобасының аясында он жылға жуық уақыт ішінде Астана қаласының білім беру ұйымдарымен қалыптасқан сенімді әріптестіктің негізінде «Менің отбасымның тарихы – отанымның тарихы» отбасылық шежіре шеруін өткізу игі дәстүрге айналған.
Шерудің мақсаты отбасы – мектепке дейінгі білім беру ұйымдары – әлеуметтік институттар жүйесінде ұлттық мәдениет пен дәстүр арқылы рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде баланың жеке қасиеттерін қалыптастыру үшін ата-аналармен үнемі қарым-қатынаста болу. Атадан қалған құндылықтарымызды ары қарай да сақтап, дамыту үшін ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінуі тиіс.
Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы – қазақ шежірелері екені анық. Қазақта ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан шежіре бар. Бұл шежірелердің жарыққа шығуы қазақ халқының қалыптасқан шежірелік дәстүрімен байланысты болды. Қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша әрбір қазақ азаматы өзінен бастап жеті атасына дейін білуге тиісті еді. Мұны балаларына үйрету әрбір атаның отбасының тәрбиесінің негізі болды. Әкесі, атасы балаға тек жеті атасына дейінгі бабаларының атын жаттатып қана қоймай, олардың қандай адам болғанын, ел-жұрты үшін жасаған ерлігі, өнегелі істері жайында әңгіме еткен. Ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке, елдікке, Отан сүюшілікке баулитынын білген.
Байқауға қатысушылар отбасыларының шежіресін картина мен панно, бейнероликтер және театрландырылған көріністер түрінде көпшілік назарына ұсынады. Қатысқан ата-аналар «Өзіңнің шыққан тегіңді білмеу – ол бабаларды сыйламау. Әрбір адам өз түп-тамырын және отбасы тарихын білу қажет. Қазіргі кезде отбасылар тек алыс туыстарымен емес және жақын туыстарымен де араласпайды. Ұрпақ байланысы жоғалып барады. Кейбір жастар өзінің ата-бабасының кім екенін білмей жатады. Бұл іс-шара арқылы баламыз ғана емес, өзімізде ұлттық құндылығымызды еске түсірдік» деп өз ойларымен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының атқарып отырған жұмыстарынан қазіргі заманғы мәдениет үдерістерінің барлық талаптары мен сұраныстарына жауап беретін, өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезім мен ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қосатынын аңғаруға болады.
Әсия Оспанова
Мәдени және білім беру жобалары қызметінің
жетекші ғылыми қызметкері