Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қызметкерлері Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінің жетінші сынып оқушыларына «Ұлттық құндылықтар ұлағаты» көшпелі дәрісін өткізді. Сабақ оқушылардың ұлттық құндылықтар мен олардың қазіргі қоғамдағы рөлі туралы білімдерін нығайтуға бағытталған.
Дәріс барысында оқушылар қазақ халқының негізгі адамгершілік қағидаларымен, олардың тарихи бастауларымен танысып, сондай-ақ отбасылық дәстүрлер мен салттың мәдени бірегейлікті қалыптастырудағы маңызын зерделеді. Бұл құндылықтарды отбасыда, мектепте және қоғамда сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ұлттық құндылықтар әр халықтың рухани өмірінің негізі болып, ұрпақтар сабақтастығын, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін қамтамасыз ететіні атап өтілді.
Оқушылар дәріскермен бірге қазіргі жағдайда ұлттық болмысты, төл дәстүрге деген құрметті және мәдени бірегейлікті қалай сақтау керектігі жөнінде ой қозғады. Олар сұрақтарға жауап беріп, күнделікті өмірден мысалдар келтірді, өздері мен қоғам үшін маңызды деп санайтын құндылықтарды талқылады.