20-27 қараша аралығында «Әділетті қоғам: саяси қағидалар мен құндылықтар жүйесі» семинар-тренингтері Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі мен Басқару колледжінде, сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне онлайн форматта өткізілді.
Сабақ барысында қатысушылар әділет, теңдік, саяси мәдениет, азаматтық жауапкершілік сияқты негізгі ұғымдармен, сондай-ақ әділетті қоғам құрудың тарихи және заманауи тәсілдерімен танысты. Бағдарлама жастардың азаматтық-саяси білімін кеңейтуге, талдау және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға, заманауи азаматтың құндылық бағдарларын қалыптастыруға бағытталды.
Студенттер талқылауларға белсенді қатысып, практикалық тапсырмаларды орындап, қазіргі қоғамның басты құндылықтары тақырыбына қызығушылық танытты.
Басқару колледжі директорның оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары О.Қ. Закарин студенттердің белсенділігі мен қызығушылығын айтып, бағдарламаның практикалық құндылығын тілге тиек етті.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Сабина Алтынбек семинар тақырыбының өзектілігін ерекше атап өтті:
«Бүгін мен әділеттілік дегеніміз – құқықтар, теңдік, еркіндік пен мүмкіндіктердің әділ түрде шешілуі екенін түсіндім. Қоғамның тұрақтылығы тікелей әділеттілік деңгейімен өлшенеді. Болашақта қажетіме жарайтын құнды ақпарат алдым».
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенті Нұрдәулет Амангелді теңдік пен әділеттілік туралы ой бөлісті:
«Теңдік – баршаға бірдей бастапқы мүмкіндік, ал әділеттілік – әр адамға қажет қолдау мен жағдайды ұсыну. Екеуінің үйлесімді ұштасуы ғана тұрақты әрі инклюзивті әлеуметтік орта қалыптастырады».
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті де өңіраралық диалогтың маңызын атап өтті:
«Біз әділеттілікті түсінудің ғылыми тәсілдерімен танысып, үш өңірдің студенттерімен тәжірибе алмасып, саяси әділеттің байырғы және заманауи түсіндірмелерін салыстырдық. Өте қызықты әрі пайдалы болды».