Басты бетТарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол

Тарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол

Тарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол Тарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол Тарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол Тарих үнін жеткізу – мен таңдаған жол

Кәсіби шеберлік, жауапкершілік және үнемі даму жолындағы ұмтылыс қай кезеңде де адам еңбегінің құндылығын айқындайтын басты сипаттар болып табылады. Қандай салада жұмыс істесе де, міндетін жоғары деңгейде орындау, іске деген құрмет және өзін жетілдіруге дайындық – қоғамға нақты пайда әкелер нағыз кәсіби тұлғаны қалыптастыратын өлшемдер.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау жөніндегі бастамасы – еңбек адамының рөлін күшейтуге және кәсіби құзыреттердің беделін арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік қадам. Бұл шешім маманның мәртебесіне не қызметтік деңгейіне қарамастан, әрбір кәсіби еңбектің елдің дамуы мен оның мәдени-әлеуметтік әлеуетін сақтау жолындағы маңызын айқын көрсетеді.

Мен, Испердинова Жанар Ибрагимқызы – Қазақстан Республикасы Президенттік орталығы музейінің жетекші экскурсия жүргізушісімін. Музей саласында университетті тәмамдаған сәттен бастап, он екі жылдан бері еңбек етіп келемін. Осы уақыт ішінде музей ісі мен үшін жай ғана қызмет емес, тарихи материалды терең меңгеруді, үздіксіз өзін-өзі дамытуды және көрермен алдындағы жоғары жауапкершілікті талап ететін өмірлік міндетке айналды.

Қазіргі музей кеңістігінде экскурсия жүргізушісінің рөлі дайын мәтінді жеткізумен шектелмейді. Ол – зерттеуші, коммуникация құрушы, интерпретатор әрі педагог, түрлі жас топтары мен дайындық деңгейіндегі келушілермен жұмыс істейтін маман. Әрбір экскурсия – өткен мен бүгіннің өзара үндескен диалогы. Сол диалог барысында тарихи жады жанданып, жәдігерлердің мән-мағынасы ашылады, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қатысты тұтас көзқарас қалыптасады.

Музей кәсіби қызметтің кеңістігі ретінде келуші мен тарихи мұраның арасындағы өзара ықпалдастықтың жанды алаңы болып табылады. Көпшілік үшін музей көбіне тыныш залдар мен әйнек ішіндегі жәдігерлермен байланыстырылатыны белгілі. Ал музей қызметкерлері үшін бұл – жаңа идеялар туатын, өзекті қоғамдық мәселелер талқыланатын, құндылықтар қалыптасатын және білімнің тікелей қарым-қатынас арқылы берілетін қарқынды ортасы.

Президенттік орталықтағы экскурсиялардың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда әңгіме Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуындағы негізгі кезеңдер, президенттік билік институтының дамуы, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның келбетін айқындауға ықпал еткен тұлғалар мен оқиғалар туралы өрбиді. Экскурсия жүргізуші құжаттық тарих пен бүгінгі күннің арасын жалғайтын дәнекерге айналып, келушілерге ақпарат беріп қана қоймай, оны терең түсінуге, ел тағдырымен өзін байланыстыра сезінуге мүмкіндік жасайды.

Экскурсия жүргізуші мамандығы жоғары дайындықты қажет етеді: терең теориялық білім, күрделі тарихи материалдарды әртүрлі аудиторияға бейімдеп жеткізе білу, сапалы тіл мәдениетін меңгеру, эмоциялық тұрақтылық және істі шынайы беріле атқару – мұның бәрі кәсіби шеберліктің маңызды алғышарттары. Әрбір жұмыс күні – жаңа адамдармен жүздесу, кәсіби жауапты талап ететін сұрақтар, шұғыл бейімделуді, күнделікті ақпаратты өзектендіруді және біліктілікті қажет ететін түрлі жағдаяттар. Дәл осы факторлар музей жұмысын серпінді, мазмұнды әрі үнемі жаңарып отыратын салаға айналдырады.

Жұмысшы мамандықтар жылы жағдайында музей ісінің мемлекеттік мәдени инфрақұрылымның маңызды бөлігі екендігін түсіну айрықша мәнге ие. Музей қоғамдық тарихи жадыны сақтау, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, рухани құндылықтарды нығайту және білімді келесі ұрпаққа жеткізу міндетін атқарады. Бұл – көп жағдайда көзге көрінбейтін, бірақ қоғамның толыққанды дамуы үшін аса қажет еңбек.

Мен өз мамандығымды шын жүректен мақтан тұтамын. Мен үшін экскурсия – тек деректерді баяндау емес, қызығушылық оятып, шабыт беру, Қазақстан тарихына тірі, үздіксіз жалғасып жатқан үдеріс ретінде қарауға мүмкіндік ұсыну. Әрбір келушінің экспозициямен танысуы – өткенге құрметті тереңдетіп, болашаққа жауапкершілікпен қарауға ықпал ететін мүмкіндік. Экскурсия жүргізушінің еңбегінің шынайы құндылығы да, менің ойымша, осыған негізделеді.

 

Жанар Испердинова

ҚР Президенттік орталығы

Экскурсия жұмысы қызметінің жетекші сарапшысы