19 қарашада Астана қаласындағы Технологиялық колледжде Президенттік орталықтың қызметкерлері «Әділетті қоғам: саяси қағидаттар мен құндылықтар жүйесі» көшпелі семинар-тренингін, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан – тең мүмкіндіктер мен прогресс елі» атты кездесу өткізді. Іс-шара жеке дамуға және ел дамуына үлес қосуды көздеген белсенді студенттердің басын қосты.
Дәріс барысында тыңдаушылар әділдік ұғымын саяси әрі тарихи тарихы тұрғыда меңгеріп, қазіргі қоғамның негізгі құндылық ұстанымдары туралы мәлімет алды, азаматтық сананың дамуына қатысты мәселелерді талқылады. Тренингтік бөлім сыни ойлау мен командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды.
Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың түлегі, колледждің тәрбие ісі жөніндегі директорының орынбасары және химия пәнінің оқытушысы Мәди Нұржаумен ашық диалог форматында кездесу өтті. Ол студенттік жылдарында Президенттік орталық семинарларына қатысып, олардың кәсіби жолына маңызды ықпал еткенін айтты.
«Бұл бағдарламалар софт-скилдарды айтарлықтай дамытты. Уақыт өте келе алған дағдылар педагогикалық және басқарушылық қызметте, студенттер мен әріптестермен жұмыс істегенде көмектесті. Кәсіпкерлікпен айналысқанда тренингтерде дамыған коммуникативтік және дипломатиялық қабілеттер өте қажет болды. Өндірістік цехты ашу мен бизнесті бастау кезінде бұл тәжірибе келіссөздерді тиімді жүргізуге, серіктестермен қарым-қатынас орнатуға және команданы құруға септігін тигізді.
Осындай білім беру іс-шаралары студенттерге өздерін жақсы түсінуге, өз потенциалын дұрыс бағалауға, қоғамдық процестерді саналы түрде талдауға, ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге және сенімді әрі белсенді азамат болуға көмектеседі. Мұндай тренингтер болашақ кәсіби жетістік пен жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың маңызды ресурсы», – деп атап өтті М. Нұржау.