14 қарашада Президенттік орталықтың қызметкерлері №71 мектептің оқушыларына «Қазақстанның ұлттық валютасы» тақырыбында көшпелі музей сабағын өткізді. Іс-шараның басты бағыты – оқушыларға теңгенің пайда болуы мен дамуы туралы мағлұмат беру, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның қаржы жүйесін қалыптастырған маңызды кезеңдер туралы түсінігін тереңдету болды.
Оқушылар еліміздің ұлттық валютасын енгізуге түрткі болған тарихи алғышарттармен, алғашқы қазақстандық банкноттарды жасаған суретшілер мен дизайнерлердің шығармашылық еңбегімен танысты. Сондай-ақ теңге бетінде бейнеленген символиканың мәні-мағынасы кеңінен түсіндірілді. Жасөспірімдер теңгенің дизайны қалай өзгергенін, бүгінгі банкноттарда қолданылатын қорғаныш элементтерін, төл теңгесін енгізу мемлекеттің тұрақтылығын нығайтудағы маңызды қадам екенін білді.
Сабақ барысында әр жылдары шыққан банкнот үлгілері, олардың қорғаныш элементтері және тарихи материалдар оқушылар назарына ұсынылды. Мұндай интерактивті сабақ форматы балалардың талқылауға белсенді қатысып, сұрақ қойып, өз ой-пікірлерін ортаға салуына мүмкіндік берді.