Басты бет«Музей және балалар»: Президенттік орталықтың білім беру жобалары жалғасуда

«Музей және балалар»: Президенттік орталықтың білім беру жобалары жалғасуда

«Музей және балалар»: Президенттік орталықтың білім беру жобалары жалғасуда «Музей және балалар»: Президенттік орталықтың білім беру жобалары жалғасуда

ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері «Музей және балалар (кішкентайларға арналған жол сілтеуші-әліппе)» атты ғылыми-ағартушылық бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастырып келеді. 7 қараша күні Астана қаласындағы №89 «Қыз Жібек» балабақшасында көшпелі музей сабағы өтті.

Сабақ мектеп жасына дейінгі балаларда тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы музейдің рөлі туралы түсінік қалыптастыруға, өз елінің өткеніне деген қызығушылықты дамытуға және ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

Ойындар мен пікірталас арқылы балалар мұражайдың не екенін, ондағы заттардың қандай мақсатпен жиналып, не үшін сақталатынын білді. Балалар Президенттік орталықтың коллекцияларымен танысып, кейбір экспонаттар жайлы қызықты мағлұмат алды. Бағдарлама жұмбақтарды, тақырыптық ойындарды және шығармашылық тапсырмаларды қамтыды, соның арқасында балалар талқылауға белсенді қатысып, жаңа білімді оңай үйренді.

Сабақта сөздік қор мен тілдесу дағдыларын дамытуға ерекше назар аударылды: мектеп жасына дейінгі балалар жаңа сөздерді қолданып, олардың мағынасын біліп, материалды тақырыптық мысалдар арқылы бекітті. Кейбір музей жәдігерлері сабаққа арнайы әкелінді, бұл балаларға экспонаттарды жақыннан көруге мүмкіндік берді.