ҚР ПІБ Президенттік орталығы 4 қарашада Астана қаласындағы З.Г. Мұрзагұлова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінде «Қазіргі заманның экологиялық мәселелері: жағдайы және шешу жолдары» тақырыбында дәріс өткізді.
Дәріс барысында нақты мысалдар арқылы экологиялық дағдарыстарды болдырмау мен еңсеру үшін адамның табиғатқа деген көзқарасын өзгерту, экологиялық ой-сананы дамыту және жастардың экологиялық мәдениетін көтеру аса маңызды екені айтылды. Сонымен қатар, елдің экологиялық ахуалын жақсартуда жастардың шешуші рөл атқаратыны ерекше атап өтілді.
Экоцентризм, экопатриотизм, экологиялық борыш, «жасыл экономика» және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратын басқа да ұғымдарға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында студенттер өздерінің экологиялық бастамалар бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, соның ішінде қоғамның назарын табиғатты қорғау мәселелеріне аударуға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясына қатысқандарын айтты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мұндай іс-шаралар бір реттік акциялармен шектелмей, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.
Дәріс соңында студенттер адам мен табиғат арасындағы үйлесімді өзара әрекеттесуді дамытуға және «жасыл экономика» қағидаттарын одан әрі ілгерілетуге бағытталған өз идеялары мен жобаларын ұсынды.