21 қазанда Дулат Бабатайұлы атындағы №89 мектеп-лицейінің жетінші сынып оқушыларына «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» атты көшпелі дәріс ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушылар Астананың тәуелсіз мемлекеттің даму жолын айқын бейнелейтін заманауи мегаполис ретінде қалыптасу тарихымен танысты. Олар еліміздің саяси, мәдени және әлеуметтік өміріндегі астананың алатын орны мен халықаралық аренадағы Қазақстанның беделін арттырудағы рөлі жөнінде мол мағлұмат алды.
Әсіресе, қала бейнесінде жасампаздық, өркендеу және ұлттық бірлік идеяларын жүзеге асырған сәулетшілер мен құрылысшылардың еңбегі ерекше атап өтілді. Президенттік орталықтың қорынан алынған материалдар оқушыларға елорда тарихы мен еліміздің даму жолының өзара тығыз байланысын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Кездесу соңында қатысушылар бас қаланың болашағы туралы өз ойларын ортаға салып, қызықты пікірталас өрбітті.