Басты бетЖұмысшы мамандық – қоғам тірегі

Жұмысшы мамандық – қоғам тірегі

Жұмысшы мамандық – қоғам тірегі

Мемлекет басшысы биылғы жылды – Жұмысшы мамандық жылы деп жариялады. Бұл бастама – қарапайым еңбек адамын ынталандыру, қоғамға үлгі ету және олардың мәртебесін арттыруға бағытталған. Мен, Нұржігіт Оңалбайұлы, Қазақстан Республикасының Президенттік орталығының Экспозиция және көрмелерді ұйымдастыру қызметінің жетекші сарапшысымын. Музей саласында 18 жылға жуық еңбек тәжірибем бар. Әрбір істің қиындығы мен рахаты қатар жүретіні белгілі. Сол сияқты біздің қызметтің де өзіне тән ерекшелігі мен жауапкершілігі бар. Көпшілік музейдегі тұрақты немесе уақытша көрмелердің көрнекті, мазмұнды, әдемі безендірілуін көріп, бәрі өздігінен жасалғандай әсер алуы мүмкін. Алайда, оның артында көзге көрінбейтін ұжымның тынымсыз еңбегі жатыр. Бұл – Экспозиция және көрмелерді ұйымдастыру қызметінің жұмысы. Біздің қызметтің негізгі міндеті – халық игілігіне көрмелер ұйымдастыру. Кез келген уақытша, тұрақты немесе көшпелі көрменің жобасы мен тұжырымдамасы әзірленіп, басшылық тарапынан толықтырылып, бекітіледі. Содан кейін ғана көрме өмірге келеді. Бұл үдерісте көрме ісінің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосатын көптеген мамандардың еңбегін ерекше атап өткім келеді: тәжірибелі басшылықтың бағыт-бағдары, көрме құжаттарын әзірлейтін қызметкерлердің жауапкершілігі, дизайнердің көркем шешімі және техникалық қамтамасыз етумен айналысатын монтажшылардың қажырлы еңбегі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – кез келген жетістік пен нәтижелі істің артында көзге көрінбейтін еңбек майданының жауынгерлері тұрады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр істің жемісі – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы – дәл осы еңбектің қадірін ұлықтау жылы! Еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшы – ертеңгі Қазақстанның тірегі екенін ұмытпайық!