
15 қазанда Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейінде «Шолу және тақырыптық экскурсиялар марафоны» атты қоғамдық-мәдени акциясы басталды. Бұл шара ұлттық мереке – Республика күніне және Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған.
15 - 25 қазан аралығында келушілерге тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері мен мемлекеттіліктің дамуына арналған, сондай-ақ Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның тарихи маңызын ашатын шолу және тақырыптық экскурсиялар топтамасы ұсынылады.
Экскурсиялық бағдарлама мазмұндылығымен және деректік тереңдігімен ерекшеленіп, келушілерге ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен ұлт тұлғаларының рөлін жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. Акцияның негізгі мақсаты – ұлттық сана мен елдік бірлікті нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және отансүйгіштік сезімді арттыру.
Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының музейі елорданың тұрғындары мен қонақтарын 25 қазанға дейін жалғасатын осы күздің жарқын мәдени шарасына қатысуға шақырады.
Экскурсиялар алдын ала өтінім беру арқылы ұйымдастырылады.