


14 қазанда ҚР ПІБ Президенттік орталықтың қызметкерлері Астана қаласындағы №42 «Бәйшешек» балабақшасында көшпелі музейлік сабақ өткізді. Бұл іс-шара «Музей және балалар (кішкентайларға арналған жол сілтеуші әліппе)» атты ғылыми-ағартушылық жоба аясында ұйымдастырылып, «М» әрпіне арналды.
Іс-шараның мақсаты – мектепке дейінгі балаларды мәдени-тарихи құндылықтармен таныстырып, музей әлемі арқылы патриоттық сезімді және рухани тәрбиені қалыптастыру.
Сабақ интерактивті форматта өтіп, балалар музейдің не екенін, оның не үшін қажет екені жайлы мағлұмат алды. Олар Президенттік орталық музейінің коллекцияларымен және «М» әрпінен басталатын жәдігерлермен танысты. Балдырғандар белсенді түрде викториналарға қатысып, танымдық ойындар ойнап, тапсырмалар орындап, жұмбақтар шешіп, музей заттарымен жақын танысты.
Жоба өскелең ұрпақтың мәдени мұраны сақтау ісіндегі музейлердің маңызы жайлы түсінігін қалыптастыруға, олардың танымын кеңейтіп, эстетикалық талғамын, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын дамытуға ықпал етеді.