2025 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының қызметкерлері елордадағы №30 мектеп-гимназияда «Астана – Тәуелсіз Қазақстанның символы» көшпелі дәрісін өткізді.
Іс-шара оқушыларға елорданың тарихи даму жолы мен оның Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтудағы маңызын түсіндіруге бағытталған.
Дәріс барысында елорданың бай тарихына үңіліп, Ақмола өңірінің тереңге тартқан тамыры мен ежелгі қоныстардан бастау алған даму жолы, Ақмоладан Астанаға дейінгі тарихи кезеңдер, астананы көшірудің себептері мен маңызы туралы баяндалды. Сонымен қатар, қазіргі бас қаланың сәулеті, ерекше нысандар мен қала құрылысындағы тың шешімдер арқылы елорданың тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен тұтастығын бейнелейтін басты символға айналғаны атап өтілді.
Оқушылар назарына елорданың тарихи даму кезеңдерін айшықтайтын Президенттік орталықтың қорынан алынған архив құжаттары, сирек фотосуреттер мен бейнематериалдар ұсынылды. Қатысушылар сұрақтар қойып, өзара пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Дәріс Президенттік орталықтың мәдени-ағартушылық бағдарламасы аясында өткізілді. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімін оятып, ел тарихына деген құрмет пен елорданың тәуелсіз Қазақстанның символы ретінде маңызын терең түсінуге бағытталған.