




ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Қазақстанның ішкі туризмі: өңірлік басымдықтар, кадрлық әлеует және заңнамалық аспектілер» атты дөңгелек үстел өтті. Шараны Президенттік орталық, Respublica партиясы және Парламентаризм институты ұйымдастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген идеялардың жалғасы болды. Онда ішкі туризмнің перспективаларына, кадрлық әлеуетті дамытуға және саланың құқықтық базасын жетілдіруге ерекше назар аударылған еді.
Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, сараптамалық және ғылыми қауымдастық мүшелері, сондай-ақ туристік бизнес өкілдерінен құралған 60-қа жуық адам қатысты.
«Туризм бүгінде – әлемдік экономиканың ең ірі салаларының бірі ғана емес, ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Сондықтан да 2025 жылғы Жолдауда «...орталық деңгейде халықаралық туристерді тартуға және туризм саласындағы саясатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге назар аудару қажет» деп айтылғаны кездейсоқ емес. Бүгінде Қазақстандағы туризм саласы тұрақты өсім мен оң нәтижелер көрсетуде. Өткен жылы ішкі туристер саны 6 млн-нан асып, ал шетелдік қонақтар легі 15,3 млн-ды құрады – бұл бір жыл бұрынғыдан екі есеге жуық көп», – деді өзінің құттықтау сөзінде ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
«Ішкі туризм – бұл жұмыс орындары мен Қазақстанның әр облысы үшін жаңа мүмкіндіктер. Бізге тек нысандарды салу ғана емес, сонымен бірге бәсекеге қабілетті болу үшін кадрлар даярлау да маңызды», – деді ҚР Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова, ол кадрлық қамтамасыз ету және отандық туризмді заңнамалық қолдау мәселесін бірнеше рет көтерген.
Парламентаризм институты директорының кеңесшісі Владимир Волков өз пікірін ортаға салып, бүгінде Мәжілісте туристік саланы қолдау туралы заң жобасы қаралып жатқанын айтты. Оның қабылдануы сапа мен қауіпсіздік стандарттарын бекітуге, ШОБ-ты ынталандыруға, цифрлық шешімдерді енгізуге құқықтық жағдай жасауға және туризмді елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірыңғай стратегиясына интеграциялауға мүмкіндік береді.
Жоғары деңгейдегі пікірталасты ҚР МТИжС Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қарипбаев, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Джарасова, Парламентаризм институтының Қоғамдық заңнама және мемлекеттік басқару орталығының басшысы Шолпан Саймова, «Ұлттық туризм индустриясы қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Жанбосынов, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниель Сержанұлының сөздері толықтырды.
Өңірлік күн тәртібіне ерекше көңіл бөлінді: онлайн форматта Жетісу, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының өкілдері қосылып, өз жетістіктерін таныстырып, проблемалық мәселелерді атап өтті және саланы дамытуға арналған бастамалар ұсынды.
Дөңгелек үстел бағдарламасы заңнамалық бастамалар мен кадрларды даярлаудан бастап, көлік қолжетімділігі, туризмді цифрландыру, экология және жергілікті брендтерді дамыту мәселелерін қамтыды. Іс-шараның қорытынды бөлімінде сараптамалық пікірталас өтіп, қатысушылардың практикалық ұсыныстары жинақталды.
Талқылау қорытындысы бойынша туристік инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік пен медициналық қамтамасыз етуді арттыру, гидтер мен орналастыру нысандарын сертификаттау, цифрлық шешімдерді енгізу және экологиялық жауапкершілікті күшейту шараларын қамтитын ұсынымдар жобасы келісілді.
Бұл бастамалар Қазақстандағы ішкі туризмнің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге, мәдени және табиғи мұраны сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлерде шағын және орта бизнестің дамуына қуатты серпін беруге бағытталған.